Accessibility links

Киев: Донбаста атыстан Украина сарбазы қаза тапты


Украина шығысында майдан шебін дүрбі салып бақылап тұрған үкімет күштерінің сарбазы (Көрнекі сурет).
Украина шығысында майдан шебін дүрбі салып бақылап тұрған үкімет күштерінің сарбазы (Көрнекі сурет).

Украина билігі елдің шығысында Ресей қолдайтын сепаратистермен қақтығыста үкіметтің бір сарбазы оққа ұшып, жеті сарбазы жараланғанын хабарлады.

Украина Қорғаныс министрлігінің 21 ақпанда хабарлауынша, сепаратистер соңғы тәулік ішінде бітім шартын 15 рет бұзып, өздерінің шебін артиллериядан, гранатомет пен минометтен атқылаған. Ал сепаратистер Украина үкімет күштері жоғарыда аталған қару түрлерінен өздеріне оқ атып, бітімді 14 рет бұзғанын мәлімдеді.

Украина шығысындағы Донецк мен Луганск облыстарында Украина әскері мен сепаратистер арасында қақтығыс басталған 2014 жылдың сәуірінен бері 10300-ден астам адам қаза тапты.

Донбастағы қақтығысты бейбіт реттеу туралы 2014 жыы қыркүйекте және 2015 жылы ақпанда Минскіде бітім жасалған. Бірақ бітім жиі бұзылады.

2017 жылдың соңында соғысушы тараптар арасында соғысты тоқтату туралы жаңа бітім жасалып, ол 23 желтоқсаннан бастап күшіне енуі тиіс болған. Бірақ екі тарап та бір-бірін бітімді бұзды деп айыптап келеді.

XS
SM
MD
LG