Accessibility links

Қауіпсіздік кеңесінде ОҚО-дағы жағдай талқыланды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық жасаған Қауіпсіздік кеңесінің жиыны. Астана, 21 ақпан 2018 жыл. Сурет Ақорданың ресми сайтынан алынды.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық жасаған Қауіпсіздік кеңесінің жиыны. Астана, 21 ақпан 2018 жыл. Сурет Ақорданың ресми сайтынан алынды.

Астанада Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің жиыны өтіп, Оңтүстік Қазақстан облысындағы (ОҚО) «қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай» талқыланды деп хабарлады 21 ақпанда Ақорданың ресми сайты. Жиынға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етті.

Ақорда таратқан ақпаратқа қарағанда, жиынға қатысқандар сонымен қатар 2017-2020 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру мәселелерін де талқылады.

«Былтыр біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бағдарламалық құжатты қабылдадық. Ұлттық қауіпсіздік қорғаныс саласында немесе ішкі саясатта ғана емес, барлық салада, оның ішінде экономика мен өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу салаларында да қамтамасыз етілуі тиіс» деген Назарбаев.

Қауіпсіздік кеңесінің жиынында сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысында «жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды нығайту, апатты жағдайдағы мектептерді жөндеп, жаңа мектептер салу және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл» мәселелері де талқыланған.

Қазақстан Қауіпсіздік кеңесі - ел тағдырына байланысты маңызды мәселелер шешілетін консультативті-кеңесші орган. Ол 1991 жылы Қазақ ССР президенті болып тұрған Назарбаевтың жарлығымен құрылған. 1993 жылы Қазақстан республикасының Қауіпсіздік кеңесі болып қайта құрылған. Қауіпсіздік кеңесі жұмысын реттейтін жеке заң жоқ, бұл орган президенттің 1999 жылғы 20 наурыздағы жарлығымен бекітілген ережелер негізінде жұмыс істейді.

Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару заңы

XS
SM
MD
LG