Accessibility links

Ақтөбе соты "орамал айыппұлын" өзгертпеді


Ақтөбедегі орамал дауына байланысты жиынға қатысушылар. Көрнекі сурет
Ақтөбедегі орамал дауына байланысты жиынға қатысушылар. Көрнекі сурет

21 ақпан күні Ақтөбенің әкімшілік соты Шалқар қаласының тұрғындары Нұрбол Сүйіндіков пен Ақгүл Молдашеваның орамал таққан оқушы балаларына байланысты салынған айыппұл туралы арыздарын қанағаттандырмай, қаулыны күшінде қалдырды. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Орамал дауына орай 12025 теңге (бес айлық есептік көрсеткіш - АЕК) айыппұл салынған ата-аналар Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің қаулысымен келіспей, Ақтөбенің әкімшілік сотына шағымданған болатын.

Әкімшілік іс материалдарына қарағанда, орамал тартатын қызы Шалқар қаласындағы №5 мектеп-лицейдің 3-сыныбында оқитын Нұрбол Сүйіндіков пен осы мектептің 8- және 10-сынып оқушыларының анасы Ақгүл Молдашеваға 12025 теңге айыппұл биыл 19 қаңтар күні салынған. Бұл оқушылардың ата-аналарын Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаменті Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 409-бабының 2-тармағында көрсетілген («Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің білім беру заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы») талапты бұзды деп айыптаған болатын.

- Сот отырысы кезінде Нұрбол Сүйіндіков пен Ақгүл Молдашеваның «Білім туралы» заңның 49-бабы 2-бөлімінің 7-тармағын бұзғаны анықталды. Яғни, бұл азаматтардың балалары мектеп формасын сақтамаған. Сондықтан сот Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің қаулысын өзгеріссіз қалдырды, - деп хабарлайды облыстық сот.

Көре отырыңыз: Ақтөбеде хиджаб дауы басылмай тұр

Ақтөбеде хиджаб дауы басылмай тұр
please wait

No media source currently available

0:00 0:14:55 0:00

Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының дерегінше, қазір облыс аумағында «мектеп формасын бұзғандықтан» сабаққа қатыса алмай отырған 95 бала бар. Қаңтар айынан бері бұл балалардың ата-аналарымен түрлі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

- Облыс әкімі бізге бұл мәселені тезірек шешуді тапсырды. Тапсырма берілгеннен кейін біз міндетті түрде шешу керекпіз. Күнделікті бақылау бар. Үшінші тоқсанның аяғында бұл мәселе бойынша не тындырғанымызды облыс басшысына баяндаймыз. Әзірше сабаққа келмей отырған балаларға мұғалімдер қосымша тапсырма беріп жатыр. Баланың бағдарламадан қалып қоймауын мектеп директорларына тапсырдық, – деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев Азаттыққа.

Оқи отырыңыз: «Исламмен емес, радикализммен күрес»

Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаменті 19 қаңтардан бері жалпы саны 13 ата-анаға айыппұл салған. Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің мәліметінше, әкімшілік жауапқа тартылған он үш ата-ананың үшеуі Шалқар қаласында тұрады. Шалқарлықтардан кейін жазаланған үш ата-ана - Қарғалы ауданының Петропавловка ауылының, төртеуі - Хромтау қаласының тұрғындары. Ал жуырда айыппұл салынған екі ата-ана Ақтөбе қаласында тұрады. Бұл тізімге осы аптада 13-ші болып қобдалықтар қосылды.

Консервативтік діни көзқарасты ондаған ақтөбелік ата-ана оқушы қыздарының мектепке орамал тағып баруын қалайды. Діни сенімге сәйкес киіну хақылары бар екенін, Қазақстанның конституциясының діни наным-сенім бостандығына кепіл беретінін айтады. Білім беру мекемелерінің басшылары мен билік өкілдері оқушылардың мектеп ішінде бірыңғай форма киюлері керек екеніне, мектеп формасы туралы Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығы мен ережесі бекітілгеніне нұсқайды. Жергілікті билік дін ұстанатын оқушылардың мектептен тыс жерде қалай киінсе де, өз еркілері екенін ескертіп келеді.

XS
SM
MD
LG