Accessibility links

Қазақстанда ұсталған Қырғызстан депутатын кепілге босатуды ұсынды


Тазабек Икрамов, Қырғызстан парламентінің депутаты.
Тазабек Икрамов, Қырғызстан парламентінің депутаты.

Қырғызстан парламентінің депутаты Тазабек Икрамов Қазақстанда ұсталған депутат Дамирбек Асылбекуулун Жогорку Кенештің кепіл болуымен босатып алуды ұсынды. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, Икрамов бұл жайында 22 ақпан күні парламент отырысында айтты.

"Ол біздің парламентіміздің депутаты. Бәлкім, Қазақстаннан оны сотқа дейін босатуды өтініп, сұрап көрерміз. Ол қашпайды, екі мемлекеттің бақылауында болады. Егер қол жинап, оған көмектессек жақсы болар еді" деді Тазабек Икрамов.

Бұған дейін Жогорку Кенеш спикері Дастанбек Жумабековтің бұл мәселеге байланысты Қазақстан парламенті мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулинге хат жолдағаны хабарланған. Хатта Жумабеков Нығматулиннен Қырғызстан азаматтарына қатысты істің халықаралық стандарттарға сай жүргізілуіне және Дамирбек Асылбекуулумен кездесу ұйымдастыруға ықпал етуді сұраған.

Өткен аптаның соңында Қазақстан бас прокуратурасы елдің оңтүстік облыстарында арнайы органдар «контрабанданың жолын кесу» операциясын жүргізгенін хабарлаған. Операция барысында 35 адам, оның ішінде депутат Дамирбек Алмасбекуулу бар, Қырғызстанның үш азаматы ұсталған.

"Контрабандалық тауар кедендік рәсімдеудің көлеңкелі жолдары және жалған құжатпен Қазақстанға Қытайдан тікелей және Қыгрғызстан арқылы кіргізіліп отырған" деп мәлімдеген Қазақстан бас прокуратурасының баспасөз хатшысы Оксана Лоскутова.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ұсталған Қырғызстан депутаты кім еді?

Дамирбек Асылбекуулуның ұсталуына байланысты парламенттегі "Қырғызстан" фракциясы шұғыл жиын өткізіп, мәлімдеме таратқан. Фракция мәлімдемесінде "депутаттың тағылған айыптарға қатысы болмағаны туралы мәлімет бары" айтылады.

19 ақпан күні Алматы соты 17 ақпанда Дамирбек Асылбекуулу мен Қырғызстанның өзге екі азаматын екі айға қамағаны хабарланған.

XS
SM
MD
LG