Accessibility links

Бішкек: Дамирбек Асылбек уулу Қазақстан азаматтығын алған


Дамирбек Асылбек уулу, Қазақстанда ұсталған Қырғызстан депутаты.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) Қазақстанда ұсталған Қырғызстан депутаты Дамирбек Асылбек уулында Қазақстан азаматтығы бары расталғанын хабарлады. СІМ ақпарат департаментінің басшысы Мурат Азымбакиевтің Азаттықтың Қырғыз редакциясына хабарлауынша, Қазақстан СІМ Дамирбек Асылбек уулында Қазақстан азаматтығы бары туралы нота жолдаған.

Мурат Азымбакиев «Қазақстан жағы бізге Дамирбек Асылбек уулында Қазақстан азаматтығы бары туралы ресми ақпарат жолдады» деді.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов бұл ақпаратқа қатысты комментарий бере алмайтынын айтты. Оның сөзінше, Қырғызстан азаматына қатысты жайтты Қазақстан бас прокуратурасы тергеп жатыр.

Қырғызстан заңы бойынша, қос азаматтық алған адам депутат болып сайлана алмайды. Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Абдыжапар Бекматов кандидат ретінде тіркеуге құжат қабылдағанда Қырғызстан азаматы болуы талап етілетінін айтты. «Мемлекеттік органдарымыз үміткерде Қырғызстан азаматтығынан басқа өзге елдің де азаматтығы барын білмеуі де мүмкін» деді ол. Бекматовтың сөзінше, басқа елдің азаматтығын иеленгені анықталған депутат мандатынан айырылады.

Бұдан өзге, Қырғызстан заңы бойынша, өзге елдің азаматтығын алғанын жасырған мемлекеттік қызметкер қылмыстық жауапқа тартылады.

Өткен аптаның соңында Қазақстан бас прокуратурасы елдің оңтүстік облыстарында арнайы органдар «контрабанданың жолын кесу» операциясын жүргізгенін хабарлаған. Операция барысында 35 адам, оның ішінде депутат Дамирбек Алмасбек уулу бар, Қырғызстанның үш азаматы ұсталған.

«Контрабандалық тауар кедендік рәсімдеудің көлеңкелі жолдары және жалған құжатпен Қазақстанға Қытайдан тікелей және Қыгрғызстан арқылы кіргізіліп отырған» деп мәлімдеген Қазақстан бас прокуратурасының баспасөз хатшысы Оксана Лоскутова.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ұсталған Қырғызстан депутаты кім еді?

Дамирбек Асылбек уулының ұсталуына байланысты парламенттегі «Қырғызстан» фракциясы шұғыл жиын өткізіп, мәлімдеме таратқан. Фракция мәлімдемесінде «депутаттың тағылған айыптарға қатысы болмағаны туралы мәлімет бары» айтылады.

19 ақпан күні Алматы соты 17 ақпанда Дамирбек Асылбек уулы мен Қырғызстанның өзге екі азаматын екі айға қамағаны хабарланған.

Дамирбек Асылбек уулу Қырғызстан парламентіне «Қырғызстан» фракциясынан сайланған депутат. Ол 2009-2010 жылдары да парламент депутаты болған.

XS
SM
MD
LG