Accessibility links

Мәскеуде Алексей Навальный мен Леонид Волков ұсталды


Алексей Навальныйдың полиция көлігінде түсірілген суреті. Мәскеу, 22 ақпан 2018 жыл.
Алексей Навальныйдың полиция көлігінде түсірілген суреті. Мәскеу, 22 ақпан 2018 жыл.

Мәскеуде полиция оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды тұтқындады. Навальный тұтқындалғаны туралы Twitter-де хабарлады.

«Тісім ауырып, стоматологияға барғам. Стоматологиядан шықсам, жедел полк келіп тұр екен. Әлде бір жаққа әкетіп барады» деп жазды Навальный.

Бұл оқиғадан жарты сағат бұрын Мәскеудің «Шереметьево» әуежайында полиция Навальныйдың федералдық штабының басшысы Леонид Волковты да ұстаған. Ол Уфаға жергілікті еріктілермен және саясаткердің жақтастарымен кездесу үшін ұшып бармақ болған.

Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш «Новая газета» басылымына Навальный мен Волковтың не үшін ұсталғанын білмейтінін айтты.

20 ақпанда Мәскеу соты Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қорының директоры Роман Рубановты 10 тәулікке қамаған. Ол да «Шереметьево» әуежайында ұсталған еді. Рубановқа 28 қаңтарда «сайлаушылар ереуілін» қолдап акция өткізгені үшін «көпшілік іс-шара ұйымдастыру ережесін бұзғаны» туралы хаттама толтырылған.

Алексей Навальный өзін 2018 жылы 18 наурызда өтетін президент сайлауына кандидат етіп тіркеуден бас тартқаннан соң «сайлаушылар ереуілін» өткізуге шақырған. 28 қаңтар күні Ресейдің ондаған қаласында мыңдаған адам қатысқан «сайлаушылар ереуілі» деп аталатын акциялар өткен. Акциялар кезінде Ресейде 350-ге тарта белсенді ұсталған.

Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш пен сайлау кампаниясының баспасөз хатшысы Руслан Шаведдинов та 30 қаңтар күні «Шереметьево» әуежайының төлқұжат тексеру постында ұсталған. Оларға «сайлаушылар ереуілін» ұйымдастырды деген айып тағылған. Олар Литвада отырып шерулерден трансляция жүргізген. Шаведдинов сегіз тәулікке, Ярмыш бес тәулікке қамалған.

XS
SM
MD
LG