Accessibility links

БҚО билігі қарсылық акцияларына мониторинг жасауға конкурс жариялады


Жер реформасына қарсы акция өткізбек болған Орал тұрғыны Бауыржан Әліпқалиевті полиция ұстап әкетіп барады. 29 сәуір 2016 жыл.
Жер реформасына қарсы акция өткізбек болған Орал тұрғыны Бауыржан Әліпқалиевті полиция ұстап әкетіп барады. 29 сәуір 2016 жыл.

Батыс Қазақстан облысының (БҚО) ішкі саясат басқармасы аймақта «қарсылықты көңіл-күй мен наразылық акцияларының туындау ықтималдығын бағамдауға» тендер жариялады. Жергілікті «Уральская неделя» газетінің tenderplus.kz республикалық мемлекеттік сатып алу сайтына сілтеп хабарлауынша, тендер жобасы 3,9 миллион теңге.

«БҚО-дағы қоғамдық-саяси ахуал» лотының техникалық сипаттамасында әлеуметтік зерттеудің міндеті мен мақсаты жазылған.

Зерттеуде «қоғамдық-саяси жағдайды талдау, халықтың көңіл-күйін, тұрғындардың мемлекеттік саясатқа қарым-қатынасын зерттеу, шиеленіс пен мемлекеттік органдарға сенім деңгейін, аймақтың әлеуметтік проблемаларын анықтау және аймақтағы қарсылықты көңіл-күй мен наразылық акцияларының туындау ықтималдылығын бағамдау» міндеті қойылған.

Конкурс жеңімпазы облыста әр тоқсанда бір мың адамнан жыл соңына дейін төрт мың тұрғыннан анкета алуы тиіс. Зерттеу қорытындысында аймақтағы қоғамдық-саяси жағдай туралы сараптамалық есеп дайындалуы тиіс.

БҚО ішкі саясат басқармасы мониторинг және талдау бөлімінің жетекшісі Нұрбиғаш Сәтмағамбетованың айтуынша, мұндай зерттеу облыста жыл сайын жүргізіледі.

«Бұл – мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру үшін халықпен кері байланыс орнатудың, әлеуметтік көңіл-күйді зерттеудің бір тәсілі» деді Нұрбиғаш Сәтмағамбетова.

23 ақпанға дейін жарияланған конкурсқа ғылыми-зерттеу институттары мен консалтинг ұйымдары қатыса алады.

Көре отырыңыз: Наразыларды күшпен ұстау

Мұнай-газ өндіретін Батыс Қазақстан облысында ресми мәлімет бойынша, 650 мыңға жуық адам бар. Халықтың жартысына жуығы ауылда, жартысы Ресеймен шекаралас Орал мен Ақсай қалаларында тұрады.

Облыс орталығы Оралда соңғы жылдары бірнеше рет ондаған адам қатысқан қарсылық акциялары да, жалғыз кісілік пикеттер де болды. Олардың көбі биліктің рұқсатынсыз өткен және тұрғын үй, экологиялық мәселелерден, сот шешімдерімен келіспеуден және жер реформасына қарсылықтан туындаған. Көп жағдайда қарсылық акциясына шыққандарға әкімшілік айыппұл салынады немесе әкімшілік қамауға алынады. Қазақстан заңдары бойынша, ғимараттан тыс кез-келген көпшілік іс-шара немесе жиын өткізу үшін жергілікті әкімдіктің рұқсатын алу керек.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG