Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Пхенчхандағы қысқы олимпиадада қос бағдарламаның қорытындысы бойынша 177,12 ұпай жинап, 12-орын алды. 18 жастағы спортшы қысқа бағдарламадан кейін 15-орында тұрған.
Алтын мен күмісті Ресей олимпиада атлеттері командасының мүшелері 15 жасар Алина Загитова (239,57) мен 18 жастағы Евгения Медведева (238,26) иеленді.
Көре отырыңыз: Тұрсынбаева мен Мамбекованың өнері
Қола медальды 22 жастағы канадалық Кэтлин Османд алды. Мәнерлеп сырғанаудан олимпиадаға қатысқан тағы бір қазақстандық Айза Мамбекова 30-нәтиже көрсетті.
Загитова мен Медведева бір командада, Этери Тутберидзенің қол астында жаттығады. Бұл - Ресей олимпиада атлеттері командасының Пхенчхандағы алғашқы алтыны.
Қысқы олимпиада 25 ақпанда аяқталады.