Accessibility links

Винокуров: "Астана" командасы жабылу алдында тұр


Александр Винокуров журналистерге сұхбат беріп тұр. Тулуза қаласы, Франция, 20 шілде 2012 жыл
Александр Винокуров журналистерге сұхбат беріп тұр. Тулуза қаласы, Франция, 20 шілде 2012 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен құрылған "Астана" велоклубы қаржыдан тарлық көріп, жабылу алдында тұр. Бұл туралы команданың бас менеджері Александр Винокуров vesti.kz сайтына берген сұхбатында айтқан.

"Өте қиын ахуал қалыптасты. Бізбен келісімге отырған 30 шабандоздың алдында алған міндетіміз бар. Жаттықтырушылар, дәрігерлер, массажистер, механиктер мен тағы басқаларын қосқанда 50 адамнан асады. Жарыс өтетін жерге ұшып бару, онда тұру, логистика – осылардың барлығына керек шығынды кейінге ысыруға болмайды, қаржыландыру кешіксе команданың жұмысы тоқтап қалады, ал алда маусымның ең маңызды жарыстары тұр" деген Винокуров.

Tengrinews сайты "Астана" велокомандасының мүшелері 2018 жылдың басынан бері сегіз жарыстың бесеуінде жеңіске жеткені туралы жазады. Клуб тарихында оның шабандоздары бірнеше рет допинг дауына қалған. Сонымен бірге Қазақстанда клуб құрамында шетелдік легионерлер тым көп деген сын да айтылады.

XS
SM
MD
LG