Accessibility links

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Сирияда атысты доғару жайлы қарар қабылдады


БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысы
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысы

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Сирияда атысты тоқтату туралы қарарды бірауыздан қолдап, қабылдады. Оған сәйкес, бейбіт тұрғындарды эвакуациялау және зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін бүкіл Сирия аумағында 30 күнге атысты доғарып, бітім режимі дереу орнауы тиіс. Сириядағы Шығыс Ғута ауданында соңғы аптада атыс пен әуе соққыларынан кемінде 500 бейбіт тұрғын өлген.

АҚШ-тың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты өкілі Никки Хейли қарарды қолдап дауыс бергеніне қарамастан Ресейді қатты сынады. Оның сөзінше, соңғы күндері бұл құжатты әлденеше рет қабылдап, Сириядағы жүздеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болған.

Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небезня болса Вашингтонның Сирияға қатысты ұстанымына сын айтты. Ол Ресей қарарды ешқандай "субъективті түсіндіруге" және аймақтағы шиеленісті "ушықтыруға жол бермейді" деп ескертті.

Франция өкілі Франсуа Делатр Қауіпсіздік Кеңесінің қарарды қабылдауын Сириядағы бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалу үшін "өмірлік маңызы" бар оқиға деп атады. Ол қарарды әзірлеуге қосқан үлестері үшін Кувейт пен Швецияға алғыс айттты. Делатрдың сөзінше, 30 күнге атысты тоқтату – қантөгісті тоқтатып, соғыстан азап шеккен халыққа жәрдем көрсетудегі алғашқы қадам болмақ. "Адамдардың өмірін сақтап қалу үшін әр минут қымбат, дереу іске кірісу қажет", - деп мәлімдеген ол.

Ұлыбритания өкілінің айтуынша, қазір бір-бірін қарардың қабылдануымен құттықтайтын уақыт емес. Құжатты қабылдау тым ұзаққа созылды – оның кешігуінен көптеген бейкүнә адам ажал құшты. "Атысты тоқтату режиміне берілген уақытты дереу пайдалану қажет" деп мәлімдеді Ұлыбритания өкілі.

Америкалық ақпарат құралдары Ресей бұған дейін Сирия мәселесін шешуге қатысты ұсынылған 11 қарардың жобасына вето қойған деп жазады. Халықаралық басылымдар соңғы күндері қарар жобасын талқылау барысында бітім мерзімінің ұзақтығы және тұрғындарды эвакуациялау мен зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуге байланысты ұйымдастыру-техникалық мәселелерге қатысты кедергілер болғанына назар аударған.

XS
SM
MD
LG