Accessibility links

Ресей хоккейшілері олимпиада чемпионы атанды


Ресей хоккейшілерінің олимпиадада жеңіске жеткен сәті. Пхенчхан, 25 ақпан 2018 жыл
Ресей хоккейшілерінің олимпиадада жеңіске жеткен сәті. Пхенчхан, 25 ақпан 2018 жыл

Пхенчхан олимпиадасында шайбалы хоккейден ерлер арасындағы финалдық ойында Ресей олимпиадалық атлеттер командасы жеңіске жетті. Олар Германия құрамасын овертаймда 4:3 есебімен ұтты.

Матчтың үшінші таймында Германия 3:2 есебімен алда тұрған. Ойынның аяқталуына 50 секунд қалғанда ресейліктер есепті теңестіріп кетті. Ал овертаймда Кирилл Капризов бәсекелестің қақпасына шайбаны дәл соғып, командасына жеңіс әкелді.

Ресей хоккейшілері бұған дейін 1998 жылғы олимпиаданың финалына шығып, Чехия командасынан жеңіліп қалған. Ал соңғы рет ресейліктер 1992 жылғы олимпиадада Канада құрамасын ұтып, жеңімпаз команда атанған. 1992 жылғы олимпиада кезінде де Ресей Халықаралық олимпиада комитетінің туы астында ойнаған. Бұл жолы Пхенчхан ойындарына да Ресей ХОК туымен қатысты.

Оқи отырыңыз: Ресей туы бар суретке “лайк” басуға болмайды

ХОК Ресейді Сочи олимпиадасы кезінде допинг саясатын мемлекеттік деңгейде қолдады деп айыптайды. Сочи ойындары кезінде алынған допинг сынамаларын қайта тексергенде допинг ережелері бұзылғаны анықталғаны хабарланған. ХОК арнайы комиссиясы кей спортшылардың қаны және несебі құйылған құтылардың сырты сырылғаны, солайша құтылар ашылып, сынамалар алмастырылған болуы ықтимал деп мәлімдеген. Сынамалары бүлінген спортшылар да олимпиадаға шақыртылмады. Бұған қоса, бұрын допингпен ұсталып, жаза мерзімін өтеген ресейлік спортшылар да Пхенчхан олимпиадасынан тыс қалды.

XS
SM
MD
LG