Accessibility links

Қырғыз министрі Қарағандыдағы "улы киім" жайлы түсініктеме берді


Балаларға арналған киімдер. (Көрнекі сурет)
Балаларға арналған киімдер. (Көрнекі сурет)

Қырғызстан денсаулық сақтау министрі Талантбек Батыралиев елде шығарылатын тоқыма бұйымдарының құрамындағы зиянды заттар мөлшері шекті нормадан асқан емес деп мәлімдеген. Батыралиев Қазақстанның Қарағанды қаласында санитарлық дәрігерлер Қырғызстанда шығарылған балалар киімі құрамында формальдегид барын анықтаған деген ақпаратқа осылайша түсініктеме берді деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

"Егер арыз-өтініш түсетін болса, біз жергілікті жерде тексеру жүргізуге дайынбыз. Ал Қарағандыдағы оқиғаға келсек, егер Қазақстан ресми дәлелдері бар хат жіберетін болса біз мемлекеттік экотехинспекция және кеден қызметімен бірлесіп тексеру жүргіземіз", - деген министр Батыралиев.

2017 жылы Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі балалар мен ересектер киімдеріне 100-ге жуық зерттеу жүргізіп, құрамынан бензол, формальдегид пен толуол тапқан, бірақ олардың мөлшері шекті шамадан аспаған. Батыралиевтің сөзінше, шетке шығарылатын және сырттан әкелінетін барлық өнімдерді жаппай тексеру мүмкін емес.

Қырғызстан жеңіл өнеркәсібі ассоциациясының президенті Сапар Асанов улы зат табылған киім "жасанды" болуы ықтимал деген долбар айтады. "Балалар киімін бізде өте қатаң бақылауда ұстайды. Сапа сертификаты болмаса киімді елден тыс шығармайды. Бізге "Қырғызстанда жасалған" деген белгісі бар қытай киімдері жиі түседі. Қазақстан және Ресеймен 20 жылдан артық жұмыс істеп келеміз, осы уақыт ішінде біздің тауарымызға қатысты бір де бір ескерту болған жоқ. Бұл жасанды [тауар] деп ойлаймын, біреу біздің беделімізді түсіру үшін істеп отыр", - деген Асанов.

Ақпан айында Қазақстанның Қарағанды облыстық қоғамдық денсаулық қорғау департаменті бастығының орынбасары Юрий Залыгин журналистерге Қарағанды қаласындағы ірі сауда орталықтарында құрамында улы зат – формальдегидтің мөлшері шекті шамадан асатын балалар киімдері анықталғаны туралы хабарлаған. Залыгиннің сөзінше, "өнімнің көбі Алматы мен Бішкек базарларынан әкелінген". Ол формальдегид адам ағзасына сіңіп, зардабын тигізетіндігімен қауіпті екенін ескерткен. Сонымен бірге Залыгин тауардың тәркіленіп, сатушыларға 200 миллион теңгеге жуық (620 мың доллардан аса) көлемде айыппұл салынғанын айтқан.

XS
SM
MD
LG