Accessibility links

Иракта «ИМ-ге қатысы бар» 15 түркиялық әйелге өлім жазасы кесілді


Ирак федералдық соты (Көрнекі сурет).
Ирак федералдық соты (Көрнекі сурет).

Ирак соты түркиялық 15 әйелді «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымына қосылды деп айыптап, өлім жазасын кесті. 25 ақпанда шыққан сот үкімі бойынша тағы бір түркиялық әйелге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Судья Абдул-Саттар әл-Биркдардың ұйғарымынша, сотталушылардың ИМ-ге қатысы бары дәлелденген, олар «ИМ мүшелеріне күйеуге шыққаны немесе осы топ мүшелеріне материалдық-техникалық көмек көрсеткені және террорлық шабуылдар жасағаны туралы» мойындаған.

Бұған дейін Ирак билігі ИМ-нің ықтимал содырлары, я болмаса олардың туыстары деген күдікпен кем дегенде 560 әйел мен 600 баланы ұстаған.

Қаңтарда Ирак соты Германия азаматшасын ИМ содырларына материалдық-техникалық көмек көрсетті деп айыптап, өлім жазасын кескен. Ақпанда Түркияның тағы екі азаматшысы өлім жазасына кесілген.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы бұл сот үкімдерін «әділетсіз» деп айыптаған.

Ирак үкіметі былтыр желтоқсанда ИМ-ге қарсы соғыста жеңіске жеткенін жариялаған. ИМ содырлары 2014 жылы басып алған елдің солтүстік және батысындағы аймақтардан ығыстырылып шығарған.

XS
SM
MD
LG