Accessibility links

Ақмола облысында «балаға қол жұмсаған» әкім қызметінен босады


Ақмола облысының картадағы орны (Көрнекі сурет).
Ақмола облысының картадағы орны (Көрнекі сурет).

Ақмола облысында мектеп оқушысын соққыға жықты деп айыпталған ауыл әкімі қызметінен босатылды деп хабарлады жергілікті агенттіктер.

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы Аймақтық коммуникация қызметінің хабарлауынша, Көкшетауда Ақмола облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өткен. Жиында 8-сынып оқушысы Диас Мұқанды «соққыға жыққан» Қорғалжың ауылдық округінің әкімі Жанат Омаровты тәртіптік жауапқа тарту мәселесі қаралған.

Әдеп жөніндегі кеңес жиында Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті Жанат Омаровқа қатысты қызметтік тексеру мен тергеу органдарының деректерін зерттеген. Бұдан соң Қорғалжың ауданының әкіміне Жанат Омаровты қызметінен босату түрінде тәртіптік жауапқа тарту туралы ұсыныс жасаkған. Аудан әкімі осы ұсыныс бойынша Қорғалжың ауылдық округінің әкімін қызметінен босатқан.

Жанат Омаровтың мектеп оқушысын соққыға жыққаны туралы бұған дейін әлеуметтік желіде хабарланған еді. Ақмола облысы ішкі істер департаментінің (ІІД) хабарлауынша, Диас Мұқан есімді балаға дене жарақатын түсіру фактісі бойынша әкім Жанат Омаровтың үстінен Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлімімен («денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру») сотқа дейінгі іс ашылған.

ІІД ақпаратына қарағанда, бұл іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалған.

XS
SM
MD
LG