Accessibility links

ОҚО: «Анасы мен әйелін пышақтап өлтірген» адам қамауға алынды


Оңтүстік Қазақстан облысының картадағы орны (Көрнекі сурет).
Оңтүстік Қазақстан облысының картадағы орны (Көрнекі сурет).

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында «әйелі мен анасын пышақтап өлтірді» делінген күдікті, 28 жастағы Жандарбек Қожықов екі айға қамауға алынды. Облыстық сот судьясы Тамара Смайлованың Азаттыққа хабарлауынша, күдікті 23 ақпан күні қамалған.

«Ордабасы аудандық соты әйелі мен анасын өлтіріп, қылмыс жасаған тұлғаны екі айға қамауға алу туралы санкция берді. Ол Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша күдікті деп танылды» дейді судья.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Жандарбек Қожықовтың әкесі Әбді Қожықов баласы әйелі мен анасын пышақтаған кезде көзі қызарып, беті қарайып кеткенін, есінен адасқан күйде болғанын көзімен көргенін айтты. Оның сөзінше, Жандарбек Қожықов темекі тартып, ішімдік ішпеген. 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап намазға жығылған, сақал өсірмеген. Әбді Қожықов баласы «оқиға болмастан бір күн бұрын тамақ жемей қойғанын, теледидар көріп отырғанында дәріханаға жұмсағанда ашуланып, дастарханда тұрған пышақты алып, әйелі мен анасын пышақтап тастағанын» айтты.

- Өзімді де пышақтамақшы болып жүгірді, қолын қайырып, байлап тастадым. Жалғыз тұяғым ғой. Алты айлық немерем қалды. Баламды аяп отырғаным жоқ, мейлі жүз жылға қамасын. Бірақ мәселе дінде емес, баламды кім қорқытқанын, анаша шеккен болса, кім қашан бергенін анықталғанын қалаймын, - дейді Әбді Қожықов.

Облыстық ішкі істер департаменті 52 жастағы анасы мен 23 жастағы әйелін өлтірген, әкесіне дене жарақатын салған 1990 жылы Өзбекстанда туған Жандарбек Қожықовтың қамауға алынғанын хабарлады. Оқиға бойынша бірнеше сараптама тағайындалып, сот алды тергеу басталған.

XS
SM
MD
LG