Accessibility links

Төтенше жағдай қызметі: Әуелі Ұзынағашқа келетін суды тоқтатамыз


Ұзынағаш ауылында су басқан көшеде құм толтырылған қаптардың үстімен жүріп бара жатқан тұрғын. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, 28 ақпан 2018 жыл.
Ұзынағаш ауылында су басқан көшеде құм толтырылған қаптардың үстімен жүріп бара жатқан тұрғын. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, 28 ақпан 2018 жыл.

Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында 120 үйдің ауласына су кірген деп хабарлады Азаттыққа аудандық төтенше жағдайлар қызметінің өкілі. Су ауылға кешеден бер келіп жатыр. Қазір төтенше жағдайлар қызметкерлері, Ұлттық гвардия сарбаздарыауылға тау жақтан келетін суды тоқтату үшін ауылдың сырында каналдар қазып, су арнасы басқа жаққа бұрып жатыр.

Төтенше жағдайлар қызметі өкілінің айтуынша, ауылдың іші мен аулалардағы су ауылдың сыртынан келетін суды тоқтатқаннан кейін ғана шығарылады. Бұл іске 120-ға жуық адам және алты техника жұмылдырылған.

Алматының іргесіндегі Тұздыбастау ауылында да төрт көше мен 20-дан астам үйдің ауласын су басқан. Ауыл тұрғындарының Азаттық тілшісіне айтуынша, соңғы екі күннен бері ауылдың шығысындағы егіс алқабынан еріген қар суы келе бастаған. Су ауылдың шетіндегі жаңадан салына бастаған үйлер мен көшелерді басқан. Кейбір үйлердің ішіне де су кірген.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері үй ауласындағы суды сорғызып шығару жұмысын істеп жатыр. Алматы облысы Тұздыбастау ауылы, 28 ақпан 2018 жыл.
Төтенше жағдайлар қызметкерлері үй ауласындағы суды сорғызып шығару жұмысын істеп жатыр. Алматы облысы Тұздыбастау ауылы, 28 ақпан 2018 жыл.

Су басқан ауыл тұрғындарымен кездесуге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов келді. Ол ауылға «айтарлықтай қауіп төніп тұрмағанын», дегенмен арықтар қаздырып, суды басқа жаққа бұру жұмыстарын істетіп жатқанын айтты. Ауылда төтенше жағдайлар мен полиция қызметкерлері жүр.

Тұрғындардың айтуына қарағанда, бұрыннан су арнасы болып келген арықтар жер телімдеріне бөлініп, сатылып кеткен. Олар бұрынғы арық орындарына үйлер салынғандықтан су жүретін жолдар жабылып, су ауылды басқанын айтады.

Ауылдағы мектепте су басқан жағдайда тұрғындарды эвакуациялайтын пункт даярланған.

XS
SM
MD
LG