Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынынан қаупі төніп тұрған 43 елді мекен бар деп мәлімдеді облыстық төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) басшысының міндетін атқарушы Қайрат Қасым. Бұл елді мекендерде 12 580 адам тұрып жатыр.
28 ақпан күні облыстық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында сөйлеген Қайрат Қасымның сөзіне қарағанда, биыл облысқа қар жылдағыдан бір жарым есе аз түскен. Бірақ жерде 1,5-2 метр тоң бар. Сондықтан күн күрт жылынған кезде жер ылғалды сіңіре алмай, су тасуы мүмкін.
- Биыл су тасқынының алдын алу үшін бюджеттен 180 миллион теңге бөлінген. Одан бөлек, төтенше жағдай бола қалған жағдайда резервте 1,6 миллиард теңге бар. Бірақ ескерте кететін бір жайт, биыл су таси қалған жағдайда қала іргесіндегі саяжайларды тұрғын үй массивіне айналдырған азаматтарға өтемақы берілмейді. Өйткені, саяжайлар қысы-жазы тұруға арналмаған, - деді Қайрат Қасым .
Оқи отырыңыз: Үйлерін тасқын шайғандар лашықта тұрып жатыр
Биыл көктемде су тасқыны қаупі төніп тұрған аудандар қатарында Ақтөбенің былтыр тасқын астында қалған Махамбет, Вохр аудандары да бар. Құтқарушылар Қарғалы, Елек пен Жіңішке өзендеріне жақын саяжай ұжымдарындағы тұрғындарға мән-жайды түсіндіріп жатқандарын айтты.