Қазақстан ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин Алматы облысындағы су басуға қардың күрт еруімен бірге жергілікті биліктің арықтарды тазаламауы және тұрғындардың қарды ауладан шығармауы басты себеп екенін мәлімдеді.
Парламент мәжілісіндегі жиын арасында журналистер сауалына жауап берген Ильин республика бойынша қар жаппай еріп, өзендер арнасынан таситын кезең әлі бастала қоймағанын айтты. Оның сөзінше, Алматы облысында түн мезгілінде ауа температурасы төмендейтіндіктен қардың еруі баяулап, су басу қаупі бәсеңсиді және жағдай таяу уақытта дұрысталады.
Юрий Ильин республикада су тасқынына қарсы шараларға былтыр 12 миллиард теңге бөлінгенін, биыл 8 миллиард теңге бөлінетінін айтты.
Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 28 ақпандағы мәліметі бойынша, Жамбыл ауданында 70 үйдің ауласын, Талғар ауданында 35 үйдің ауласын су басқан.