Парламент мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов қоғамның барлық саласында қазақ тілін кеңінен қолдануға міндеттейтін арнайы заң қабылдау керегін мәлімдеді деп хабарлады қазақстандық ақпарат құралдары.
Парламент мәжілісінің отырысында «Ақ жол» партиясынан сайланған депутат Берік Дүйсембинов премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына сауал жолдады. Ол «Ақ жол» партиясы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын саясат пен мемлекеттік салаларда ғана емес, басқа да салаларда қолдауға шақыратынын айтты.
«Қазір президенттікке кандидаттар ғана қазақ тілінен емтихан тапсырады. Біздің ойымызша, бұл тізімді кеңейту керек. Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы үкіметті мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы заң жобасын даярлауға шақырады» деді Дүйсембинов.
26 ақпан күні кешке Қазақстан президенті әкімшілігі президент Нұрсұлтан Назарбаев министр Дәурен Абаевпен кездесіп, оған «қазақ тілінің мәртебесін көтеру жұмысын жалғастыруды» тапсырғанын хабарлаған. 27 ақпанда өткен үкімет жиынында министрлердің көпшілігі баяндамасын қазақ тілінде жасаған.
Ал 27 ақпан күні ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Астанада журналистерге президенттің тапсырмасын түсіндіріп, үкімет пен парламент жиындарын қазақ тілінде өткізуге көшуде «асыра сілтеу» болмайтынын мәлімдеген.
Қазақстан заңдары бойынша, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі де қолданылады.
ВИДЕО: AzatNews - Үкімет жиыны қазақ тілінде өтті (27.02.2018)