Қызылордада жатақхананың адам тұрмайтын бір бөлігі құлап, ондаған тұрғын эвакуацияланды деп хабарлады Қызылорда қалалық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеген жергілікті агенттіктер. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Титов көшесіндегі 1971 жылы салынған бес қабатты жатақхананың бір бөлігі құлағаны туралы ақпарат 28 ақпан күні сағат 22:40-та түскен. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.
«Жатақхананың басқа жағында тұратын 46 отбасы қауіпсіз жерге шығарылды. Оларға алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Тұрғындарға тамақ және дәрі-дәрмек берілді. Қалалық жедел штаб қажетті заттарды жинап жатыр. Алда бұл жағдайға қатысты толық ақпарат беріледі» деп мәлімдеді қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов.
ТЖД басшысы Омар Бержановтың айтуынша, жатақхананың төртінші подъезінің бірінші қабатынан бесінші қабатына дейінгі қабырғасы құлаған. БАҚ-тың оқиға орнынан түсірген суреттерінде төтенше жағдай қызметкерлері мен арнайы техникалары көрінеді.
ВИДЕО: Апатты жағдайдағы жатақхана (04.08.2015)