Accessibility links

Ақтөбеде аударылған автобус жүргізушісі істі болды


Ақтөбе облысында аударылған автобус. 25 ақпан 2018 жыл.
Ақтөбе облысында аударылған автобус. 25 ақпан 2018 жыл.

Ақтөбе облысының Хромтау ауданында өткен аптада аударылған автобустың жүргізушісі, 1983 жылы туған Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Марат Бегімқұловтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ешқайда шықпау туралы қолхат берген Марат Бегімқұлов қазір Ақтөбе қаласында. Бұл туралы 1 наурыз күні Ақтөбе облыстық әкімдігінде өткен баспасөз мәслихаты кезінде облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) жергілікті полиция қызметі жол қозғалысын ұйымдастыру және қадағалау бөлімінің бастығы Айдос Құлжанов айтты.

- Аударылған автобус жүргізушісінің үстінен Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деді Айдос Құлжанов.

25 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысының 35 жастағы тұрғыны Марат Бегімқұлов мемлекеттік нөмірі KZ 914 CMB 13 Mercedes маркалы автобусымен Ресейден келе жатқанда рөлге ие бола алмай, автобус жыраға түсіп кетіп, аударылған. Салдарынан автобуста болған Өзбекстанның жеті азаматы түрлі жарақат алды. Ресми мәлімет бойынша, автобуста 25 жолаушы болған.

Хромтау аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Людмила Волненконың Азаттық тілшісіне айтуынша, жол апатынан соң ауруханаға тоғыз адам, оның ішінде үш әйел жеткізілген. Зардап шеккендер негізінен жеңіл жарақат алған. Зардап шеккендердің ең кішісі 1997 жылы, ең үлкені 1961 жылы туған. «Миы шайқалды» делінген бір әйел ауруханаға жатудан бас тартқан. Тиісті ем-дом жасалған соң олар Өзбекстанға қайтып кеткен.

Ақтөбе облысында аударылған автобус (25.02.2018)

Ақтөбе облысында жыл басынан бері қалааралық жолаушылар автобусы осымен екінші рет апатқа ұшырап отыр.

18 қаңтар күні Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 шақырым жерде жолаушылар автобусы өртеніп, Өзбекстанның 52 азаматы қаза тапқан. Автобуста барлығы 57 адам – 54 жолаушы мен екі жүргізуші болған. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.

Оқи отырыңыз: Комиссия: Өрт құрбандарының кім екенін анықтау қиын

Осыдан кейін Самара-Шымкент тас жолының бойында талап күшейіп, тексерулер көбейген. 2018 жылдың 22 қаңтары мен 18 ақпаны аралығында Ақтөбе облысының аумағында «Автобус» жедел-профилактикалық шарасы өткен. Шара барысында жолаушылар тасымалына қатысты 700-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Тексерушілер «Автобус» шарасы кезінде екі жүргізушінің автобусты «есірткі шегіп алып жүргізгенін» айтады.

Ал Бішкектен шығып, Мәскеуді бетке алған Mercedes автобусында жолаушы саны шектен тыс болған. Сонымен қатар,көлік жүргізушілері жолаушы тасымалдау мен демалыс тәртібін бұзған. Ал Өзбекстан азаматтарын Ресейге алып бара жатқан тағы бір автобус жүргізушісі көлік құралын басқару құқынан айырылған болып шыққан. Айдос Құлжанов әкімшілік жазаға тартылған автобус жүргізушілеріне 5 миллион теңгеге жуық айыппұл салынғанын айтады.

XS
SM
MD
LG