Accessibility links

Назарбаева: Орыс тілін ешкім жойған жоқ


Дариға Назарбаева, парламент сенаты халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы. Астана, 1 наурыз 2018 жыл.
Дариға Назарбаева, парламент сенаты халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы. Астана, 1 наурыз 2018 жыл.

Парламент сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың атына орыс тілінде депутаттық сауал жолдап, "орыс тілінің жағдайына алаңдауға" себеп жоғына сендірді.

"Орыс тілін ешкім жойған жоқ, мен [депутаттық сауалымды] өзіме ыңғайлы тілде жолдадым" деді Дариға Назарбаева журналистер сауалына.

Бірнеше күн бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тіл "қазақ тілінің мәртебесін көтеру жұмыстарын" жалғастыру керегін мәлімдеген. Бұл мәлімдемеге байланысты кейбір азаматтар арасында алаңдаушылық туындаған.

"Бәріміз президенттің тапсырмасын орындауға тырысамыз. Орыс тілін әлі ешкім жойған жоқ, ондай болмайтын да шығар" деді Дариға Назарбаев.

"Парламент пен үкімет жұмысы мемлекеттік тілде жүруі керек. Солай бола тұрса да, бұл мәселеде азаматтардың құқығын шектеуге болмайды. Бұған арналған ілеспе аударма бар" деген Нұрсұлтан Назарбаев Астанада ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевпен кездесуінде.

27 ақпанда министр Дәурен Абаев журналистерге үкімет пен парламент жиындарын қазақ тілінде өткізу мәселесін шешуде "асыра сілтеу" болмайтынын мәлімдеген.

"Мемлекет басшысы үкімет пен парламентте мемлекеттік тілге өтеміз дегенді меңзеді. Менің ойымша, бұл – мемлекеттік тілді білуге қатысты мәселе. Біз үкімет пен парламентте мемлекеттік тілде сөйлеуге көшуге тиіспіз. Менің білетінім, "тек" деген сөз айтылмады. Егер үкімет мүшесіне ойын орыс тілінде жеткізу ыңғайлы болса, оны ешкім қудаламайды деп ойлаймын" деген Абаев.

XS
SM
MD
LG