Accessibility links

АҚШ-та ұсталған Қырғызстан бұрынғы елшісінің ұлы босатылды


Тенгиз Сыдыков, Қырғызстанның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Замира Сыдыкованың ұлы
Тенгиз Сыдыков, Қырғызстанның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Замира Сыдыкованың ұлы

АҚШ-та "Ресейге заңсыз қару-жарақ саудалады және контрабандалық қылмыс жасады" деген күдікпен ұсталған Қырғызстанның осы елдегі бұрынғы елшісі Замира Сыдыкованың ұлы Тенгиз Сыдыков босатылды. Азаттықтың Қырғыз редакциясы бұл туралы Вирджиния штаты Александрия қалалық сотының кеңсесіне сілтеп хабарлады.

АҚШ-тың Вирджиния штаты Шығыс округінің прокуратурасы 27 ақпанда Қырғызстанның екі азаматы деп сипатталған Тенгиз Сыдыков пен Эльдар Ревзановтың ұсталғанын хабарлаған. Прокуратура мәліметінше, Александрия қаласында тұратын Сыдыков пен Ревзанов Шешенстанға рұқсатсыз 100-ден астам атыс қаруын бөлшектеп, поштамен асүй жабдықтары ретінде жібермек болған.

Замира Сыдыкова 1 наурызда "Вашингтонда тұратын" ұлы 28 жастағы Тенгиз Сыдыковтың Ресейдің Шешенстан республикасына қару-жарақ шығармақ болды деп "заңсыз айыпталып отырғанын" мәлімдеген еді.

Сыдыкова полиция «бұрын ұлымен бір пәтерде тұрған» Ревзановты оның пәтерін тінтіген соң ұстағанын айтқан. Александрия қалалық сотының ақпаратына қарағанда, Ревзанов қамауда қалған. Оның ісі 7 наурызда қаралмақ.

"Ұлым Ревзановтың не себепті ұсталғанын білмек болып полиция бөліміне барғанда оның өзін де қамаған. Бұл түсінбестік анықталып, оны босатады деп ойлаймын" деген Сыдыкова. Оның сөзінше, ұлы IT компанияда жұмыс істейді.

Замира Сыдыкованың айтуынша, Эльдар Ревзанов Қырғызстан емес, Қазақстанның азаматы.

Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі 1 наурызда күдіктілердің азаматтығын тексеріп жатқанын хабарлаған.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінен Ревзановқа қатысты комментарий алу мүмкін болмай отыр.

АҚШ-та ұсталған күдіктілер айыпты деп танылса, 20 жылға дейінгі мерзімге сотталуы мүмкін.

Замира Сыдыкова 2005-2010 жылдары Қырғызстанның АҚШ-тағы елшісі болған.

XS
SM
MD
LG