Accessibility links

БАҚ: Ресей Байқоңырдағы кейбір нысандарды жалға алуды тоқтатады


Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған ресейлік "Зенит" ғарыш зымыраны (Көрнекі сурет).
Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған ресейлік "Зенит" ғарыш зымыраны (Көрнекі сурет).

Ресей Қазақстанға Байқоңыр ғарыш айлағындағы жалға алған, "Зенит" зымыран тасығышын ұшыруға арналған алаңды бермек. Ресейлік БАҚ-тың Қазақстан қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Данбаевқа сілтеп хабарлауынша, "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенінің инфрақұрылымы нысандарын беру биыл мамырда аяқталмақ.

Аэроғарыш комитетінің баспасөз қызметі Азаттыққа кешен "Зенит" ғарыш зымыраны кешені негізінде жұмыс істейтін Қазақстан мен Ресейдің "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешені жобасын іске асыру аясында берілетінін хабарлады. Комитет мәліметіне қарағанда, жылдың соңына дейін Ресей Қазақстанға "Зенит-М" ғарыш зымыраны кешенінің нысандарын, оның ішінде 42 және 45-ұшыру алаңдарын "Ресеймен бірлесе пайдалануға" бермек.

Ресейлік "Известия" газеті Ресей Байқоңырдағы "Зенит" зымыранын ұшыруға арналған инфрақұрылымдарды жалға алуды 2013 жылы тоқтатқанын жазады. "Әуелгі идея ресейлік Ангар зымырандарына арналған ұшыру алаңдарын салу туралы болған еді, бірақ тараптар қаржы көлеміне келісе алмады" деп жазады басылым.

XS
SM
MD
LG