Accessibility links

Қазақстан ядролық қаруға тыйым салу жайлы шартқа қол қойды


СССР кезінде 40 жыл бойы атом қаруы сынағы жүргізілген Семей полигоны аумағындағы "Атылған көл". Саржал, Шығыс Қазақстан облысы, 13 тамыз 2015 жыл
СССР кезінде 40 жыл бойы атом қаруы сынағы жүргізілген Семей полигоны аумағындағы "Атылған көл". Саржал, Шығыс Қазақстан облысы, 13 тамыз 2015 жыл

БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның атынан ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қол қою рәсімі өтті деп хабарлайды Қазақстан Сыртқы істер министрілігінің баспасөз қызметі. Қазақстанның атынан шартқа БҰҰ-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров қол қойған.

"Жаппай қырып-жою қару түрлерінен (ядролық, химиялық және биологиялық) ядролық қаруға ғана заңды түрде тыйым салынбаған. Осыған байланысты шарттың негізгі түйіні ядролық қаруға толық тыйым салу туралы ережелерді қамтитын "Тыйым салу" атты 1-бабы болып табылады. Аталмыш шарт халықаралық құқықтық саладағы осы бір заңдық кемшілікті жоюға бағытталған және ол ядролық қаруды жоюдың алғашқы қадамына айналып отыр", - делінген СІМ хабарламасында.

Өткен жылы шілдеде қабылданған ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа БҰҰ-на мүше 122 мемлекет қолдау танытқан. Құжат 2017 жылы көктем және жаз айларында Нью-Йоркте өткен БҰҰ конференциясының екі сессиясының қорытындысы негізінде әзірленген.

Қазақстанға дейін шартқа 56 ел қол қойып, олардың ішінде бесеуі оны ратификациялап үлгерген. Халықаралық шарт елуінші ратификациялық грамотасы сақтауға өткізілгеннен кейін 90 күннен соң күшіне енеді.

Әлемде ядролық қаруға ие тоғыз мемлекет пен олардың одақтастары жойқын қарудың бұл түріне біржола тыйым салатын шартқа қосылу бойынша келіссөздерге қатысудан бас тартқан.

СССР кезінде 1949 жылдың 29 тамызынан бастап 40 жылдың ішінде 400-ден астам ядролық жарылыс (олардың 116-сы жер бетінде) жасалған Шығыс Қазақстан облысындағы Семей полигоны 1991 жылы 29 тамызда жабылған. Ондаған жылдар бойы жүргізілген сынақтар салдарынан қоршаған ортаға орасан зор залал келіп, аймақ халқы қатты зардап шекті.

XS
SM
MD
LG