Accessibility links

Киевте полиция парламент маңындағы шатырларды бұзды


Украина ұлттық гвардиясы Жоғарғы Рада маңындағы шатырларды бұзып жатыр. Киев, 3 наурыз 2018 жыл
Украина ұлттық гвардиясы Жоғарғы Рада маңындағы шатырларды бұзып жатыр. Киев, 3 наурыз 2018 жыл

Киевте бүгін таңертең полицияның арнайы бөлімшелері мен Украина ұлттық гвардиясы қызметкерлері Жоғарғы Рада маңында төрт айдан астам уақыт бұрын билікке наразылар тіккен шатырлардың бір бөлігін бұзып тастады.

Киев полициясының бастығы Андрей Крищенконың мәлімдеуінше, құқық органдары бірқатар қылмыстық іс өндірістері аясында парламент іргесінде тергеу амалдарын жүргізуге сот шешімін алған. Полицияның іс-қимылына жауап ретінде наразылар автокөлік дөңгелектерін өртей бастаған. Бұдан соң наразылар мен құқық қызметкерлері арасында қақтығыс болып, салдарынан полицияның төрт қызметкері және алты белсенді зардап шеккен. Бас сүйегінен жарақат алған және денелерін күйік шалғандарды ауруханаға жеткізген.

Полиция 100-ден аса наразы ұсталып, олардан жанғыш сұйық зат құйылған бөтелкелер және әскери гранатқа ұқсас бірнеше зат алынғаны туралы хабарлады. Наразылық акциясын ұйымдастырушылардың бірі әрі белсенді қатысушы, Жоғарғы Рада депутаты Егор Соболев құқық қызметкерлері наразылар орнатқан қалашық аумағында "әлденені іздеумен" жүргенін айтады.

Полицияның арнайы бөлімшесінің қызметкерлері Грушевский көшесіндегі жолға тігілген шатырларды бұзуға кіріскен. Олар "бүкіл қалашықты бұзуға келген жоқпыз" деп мәлімдеген.

Украина Жоғарғы Радасы маңындағы шатырлар қалашығын 2017 жылғы қазанның 17-і Михаил Саакашвилидің "Жаңа күштер қозғалысы" мен өзге де оппозициялық күштер белсенділері орнатқан болатын. Наразылар парламенттен "Украина президентіне импичмент туралы", "Коррупцияға қарсы сот туралы" заңдарды қабылдауды, депутаттарды қылмыстық қудалаудан қорғайтын иммунитеттен айыруды және жаңа сайлау жүйесін түпкілікті бекітуді талап еткен.

XS
SM
MD
LG