Accessibility links

Польша Германиядан 850 миллиард доллар өндіртіп алғысы келеді


Польша тәуелсіздігінің 99 жылдығына арналған шараға қатысушылар
Польша тәуелсіздігінің 99 жылдығына арналған шараға қатысушылар

Польша Германиядан репарация ретінде 850 миллиард доллар өндіртіп алғысы келеді. Варшава екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистер басқарған Германия әскерінің Польшаға келтірген зиян көлемін осынша сомаға бағалап отыр. Бұл туралы парламенттегі репарация жөніндегі топтың басшысы Аркадиуш Мулярчик мәлімдеген.

Оның айтуынша, репарация жөніндегі топ келген зиянның көлемін негіздейтін баяндама әзірлеп жатыр. Үкіметке биыл жолданатын бұл құжат екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін жасалған осыған ұқсас баяндама негізінде дайындалады. Мулярчик репарациялар жайлы мәселе әлі күнге дейін реттелмей келе жатқанын айтады.

Өткен жылы қыркүйекте Польша сеймі екінші дүниеүзілік соғыс жылдары Германияның іс-әрекетінен келген зиян көлемін шамамен 50 миллиард доллар деп бағалаған. Ол жолы Берлин 1953 жылы Польша үкіметі қабылдаған келісімді алға тартқан. Ол келісімде Германия Польшаның алдындағы міндетін толық орындағаны айтылған.

Қазір Польшада билікте отырған консервативтік-ұлтшыл үкімет "1953 жылғы келісімге Совет Одағының қысымымен қол қойылғандықтан заңды күші жоқ" деп мәлімдеп, оған қарсы дау айтады. Мулярчиктің сөзінше, Польша тарабы Ресейден емес, Германиядан зиянды өтеуді талап етіп отыр, өйткені өзгеден гөрі Берлиннен өтемақы алу "шынайырақ" болмақ.

XS
SM
MD
LG