Accessibility links

Сеул Пхеньянға келіссөз жүргізу үшін делегация жібермек


Мун Чжэ Ин, Оңтүстік Корея президенті.
Мун Чжэ Ин, Оңтүстік Корея президенті.

Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин осы аптада Солтүстік Кореяға елдің қауіпсіздік қызметінің директоры бастаған делегация жібермек. Делегация Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына қатысты шиеленісті басуға және Пхеньян мен Вашингтон арасында диалог орнатуға қатысты келіссөз жүргізбек.

Он адамнан тұратын делегация Пхеньянға 5 наурыз күні барады. Екі күндік сапарында делегация Солтүстік Корея басшыларымен кездеседі.

Мун Чжэ Ин кеңсесінің хабарлауынша, келіссөзде Корей түбегіндегі бейбітшілікті сақтау, қос Корея арасындағы қарым-қатынасты жақсарту және Пхеньян мен Вашингтон арасындағы келіссөзді жандандыру мәселелері талқыланбақ.

Оңтүстік Корея делегациясы Пхеньянға сапарынан соң АҚШ-қа қысқа мерзімге сапарлап барады.

АҚШ президенті Дональд Трамп 3 наурыз күні Вашингтон Солтүстік Кореямен келіссөз жүргізе алатынын, бірақ ол үшін Пхеньян алдымен «ядролық бағдарламасынан бас тартуы тиіс» екенін айтқан.

Солтүстік Корея Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі 3 наурызда АҚШ-ты келіссөз жүргізу үшін талап қоймауға шақырған.

Ақпанда АҚШ билігі вице-президент Майк Пенс Оңтүстік Кореяда өткен қысқы олимпиаданың ашылуына барғанда Пхеньян делегациясымен, оның ішінде Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның әпкесімен кездеспек болғанын, бірақ Солтүстік Корея шенеуніктері соңғы сәтте кездесуден бас тартқанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG