Accessibility links

Шымкенттік белсенді сотта "құқығы бұзылғанын" мәлімдеді


Шымкенттік белсенді Ардақ Әшім сотта отыр. 2 наурыз 2018 жыл.
Шымкенттік белсенді Ардақ Әшім сотта отыр. 2 наурыз 2018 жыл.

Шымкенттік белсенді Сүйін Абулданың "қадыр-қасиеті мен ар-намысына тигені үшін" айыпталып жатқан белсенді Ардақ Әшім сотта құқығы бұзылып жатқанын мәлімдеді деп хабарлайды Азаттық тілшіcі.

5 наурызда өткен сот отырысында судья Еркін Оспанов Ардақ Әшімге мемлекет есебінен тегін қызмет көрсететін адвокат ұсынды. Ардақ Әшім судья ұсынған адвокат уақыты болса да іспен таныспағанын, танысуға құлық танытпағанын, сондықтан тиісті құжаттарды беріп, сенім білдіре алмайтынын айтты. Сот айыпталушының адвокат жалдауына және қосымша дәлелдерін алып келуге уақыт берді.

Ардақ Әшім Азаттыққа сотта заңды құқығы бұзылып жатқанын айтты. Ол Абай ауданында тұрақты тіркеуде екенін айтып, Сүйін Абулданың арызын Әл-Фараби аудандық сотының қарауға құзыреті жоғын мәлімдеді.

- Бұған дейін екі сот отырысы өтті. Құқығым шектеліп жатыр. Судья құқықтарымды таныстырмады, мемлекет есебінен адвокат беруін өзім сұрадым, оны да айтқан жоқ. Бұл жерде менің тағдырым тұр. Адвокаттың іспен танысуы үшін жоқ дегенде бір күн уақыт керек. Ал ол сот отырысында танысу жеткілікті дейді, - деді Ардақ Әшім.

Сүйін Абулда Ардақ Әшімді Facebook-те өзін "Марал Құрылтай" және "Қазақ қаны қазақ" атты аккаунттар ашып, тапсырыспен жұмыс істейтіні" туралы жазғаны үшін сотқа берген. Сүйін Абулда бұл акаунттарды ашпағанын айтып, Ардақ Әшімді "қадыр-қасиетім мен ар-намысыма тіл тигізді" деп айыптайды. "Жазған сөзіне дәлелім бар деді, енді сол дәлелін ұсынсын" деді ол.

Сот белсенді Сүйін Абулданың бір миллион теңге моральдық шығын өндіру туралы арызын өндіріске қабылдап, Қылмыстық кодекстің 130-бабы ("жала жабу") және 131-бабы ("қорлау") бойынша қарауға алған.

XS
SM
MD
LG