Accessibility links

Киев: Венгр мәдени орталығына жасалған шабуылға Ресейдің қатысы бар


Әлдекімдер "Молотов коктейлін" лақтырғаннан кейін өртенген Венгр мәдени орталығы. Ужгород, Украина, 27 ақпан 2018 жыл.
Әлдекімдер "Молотов коктейлін" лақтырғаннан кейін өртенген Венгр мәдени орталығы. Ужгород, Украина, 27 ақпан 2018 жыл.

Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин Ужгород қаласындағы Венгр мәдени орталығына жасалған шабуылға Ресейдің қатысы бар деген болжам айтты. Климкин Twitter-де "Ресейдің құлағы барлық жерден қылтиып шығып тұрғанын" жазды. 4 және 27 ақпан күндері Венгр мәдени орталығына әлдекімдер "Молотов коктейлдерін" лақтырған. Шабуылдан орталықта өрт шығып, ғимараттың бірінші қабатының біраз жері өртеніп кеткен.

Климкин полицияның бұл оқиғаларға күдіктілерді ұстағанына алғыс білдірді. Дегенмен ол бұл оқиғаны Украинадағы тұрақтылықты "шайқалту әрекеті" болуы мүмкін деп алаңдайтынын айтты. Оның болжамынша, арандату әрекеттері мұнымен тоқтамауы мүмкін.

Украина Ұлттық полициясының басшысы Сергей Князев 4 наурызда Facebook-те шабуылға күдікті төрт адамның ұсталғанын жазған. Ол сонымен қатар шабуылға күдікті бір шетелдіктің еркіндікте жүргенін айтқан. Бірақ ол шетелдіктің қай елдің азаматы екенін айтпады.

Князев сонымен қатар 4 ақпандағы шабуылға күдікті екі адамның Польшада ұсталғанын жеткізген. Бұған дейін Украина полициясы Польшада ұсталған екі күдіктінің радикалдық топ өкілдері болғанын және ол топтың кейбір мүшелері Украина шығысындағы Ресей қолдайтын сепаратистер сапында соғысқанын мәлімдеген.

Венгр мәдени орталығына шабуыл Украина мен Венгрия арасында шиеленістің күшеюіне әкеліп соқтырды. Венгрия Киевті этникалық венгрлерді қорғай алмай отыр деп айыптады.

XS
SM
MD
LG