Accessibility links

Каримовтің қызы Өзбекстан гимнастика федерациясы басшылығынан кетпек


Лола Каримова-Тилляева, Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтің кіші қызы.
Лола Каримова-Тилляева, Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтің кіші қызы.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің кіші қызы Лола Каримова-Тилляева Өзбекстан Гимнастика федерациясының прездиенті қызметінен кетуге мәжбүр болғанын мәлімдеді деп хабарлады Азаттықтың Өзбек редакциясы.

"...13 жылдан кейін Өзбекстан Гимнастика федерациясының президенті қызметінен кетуге мәжбүрмін. Барлық спортшыларға, Федерацияның жаттықтырушыларына, барлық жұмысшыларына тамаша жұмыс істескеніміз үшін, бұл спорт түрінде жеткен жетістіктер үшін алғыс білдіргім келеді!" деп жазды Каримова-Тилляева Instagram-да.

Лола Каримова-Тилляева федерация басшысы қызметінен кетуге не себеп болғанын айтпаған.

Биыл 2 ақапанда 39 жастағы Лола Каримова-Тилляева Facebook-тегі парақшасында Өзбекстанның ЮНЕСКО-дағы елшісі қызметінен кететінін мәлімдеген. Ол бұл қызметті 2008 жылдан бері атқарған.

Оқи отырыңыз: Ислам Каримовтің 80 жылдығында туыстары билікте қалмады

Қазір Лола Каримова-Тилляева "Сен жалғыз емессің" ("Sen Yolg'iz Emassan") қамқоршылық қорының төрағасы және Азия гимнастика одағының құрметті президенті қызметін атқарады.

Лола Каримова-Тилляева соңғы уақытта Швейцарияда тұратын әлемдегі бай адамдардың бірі деп аталып жүр.

Өзбекстан Бас прокуратурасының мәлімдеуінше, Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова бірнеше ауыр экономикалық қылмыс жасады деген күдікпен қамауда отыр.

XS
SM
MD
LG