Accessibility links

Нальчикте балқарлар депортациясын еске алды


Нальчик көшесіндегі салт аттылар. (Көрнекі сурет)
Нальчик көшесіндегі салт аттылар. (Көрнекі сурет)

Ресей құрамындағы Қабарда-Балқар автономиялық республикасы астанасы Нальчик қаласында бүгін балқар халқының жер аударылғанына 74 жыл толуына арналған еске алу шарасы өтті. Азалы митинг Нальчиктегі депортация құрбандарына орнатылған ескерткіш алдында өткен.

Республика басшысы Юрий Коков үндеуінде Қабарда-Балқар халқы үшін қаралы күн саналатын 1944 жылғы наурыздың 8-індегі депортацияны "биліктегі режимнің адам шошырлық қылмысы" деп атаған. Мәлімдемеде ел басына түскен "депортацияның барлық қайғы-қасіреті мен азабына мойымай, ерлікпен көтерген балқар халқының өз тілін, салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениетімен бірге жасампаз әлуетін жоғалтпай туған жерге қайтып оралғаны" айтылған.

Нальчиктегі депортация құрбандары ескерткішіне гүл қою рәсіміне республиканың заң шығарушы және атқарушы билік органдары басшылары, қоғамдық және діни ұйымдар өкілдері қатысқан.

1944 жылы наурыздың 8-і күні СССР үкіметінің шешімі бойынша балқар халқын Солтүстік Кавказдағы атамекенінен мал таситын вагондарға тиеп күштеп жер аударған. Совет билігі депортациялаған 37 мың балқардың көпшілігін Қазақстан мен Қырғызстанға көшірген. Балқар халқы совет диктаторы Иосиф Сталин өлгеннен кейін бірнеше жылдан соң ғана атамекеніне оралуға рұқсат алған.

XS
SM
MD
LG