Accessibility links

Ригада "латыш тіліндегі сабақты көбейтуге қарсы" шеру өтті


"Латыш тіліндегі сабақ санын көбейтуге қарсылық" шеруіне қатысушылар. Рига, 10 наурыз 2018 жыл

Латвия астанасында сенбі күні жүздеген адам елдегі мектептерде латыш тіліндегі сабақ санын ұлғайтуды ұсынған білім және министрлігінің бастамасына қарсы наразылық акциясын өткізді деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.

Латвияда латыш тілінде оқытатын ұлттық мектептермен қатар этникалық азшылық өкілдерінің балаларына арналған мектептер де бар. Орыс тілінде білім беретін мектептерде пәндердің 60 пайызы латыш тілінде, 40 пайызы – орысша оқытылады. Білім саласындағы реформа латыш тілінде оқытуды 80 пайызға дейін ұлғайтуды көздейді. Этникалық орыс қауымдастығы белсенділері мұны әділетсіздік деп санайды.

Соңғы бір жылда Латвияның Орыс одағының ұйымдастыруымен елде бірнеше рет наразылық акциялары өткен. Латвияның Конституцияны қорғау жөніндегі ұлттық бюросы "Орыс одағының Кремльмен байланысы бар және Ресей сыртқы істер министрлігінен қаржылай қолдау алады" деп санайды.

Латвияда биыл парламент сайлауы өтуі тиіс. Жергілікті кей сарапшылар білім реформасы Латвия Орыс одағына "іздегенге – сұраған" саяси ілік болып отырғанын айтады. Бір миллион 700 мыңға жуық тұрғыны бар Латвияда 500 мыңға тарта адам өзін этникалық орыспын деп атайды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG