Accessibility links

Грузияда Саакашвили жақтастары премьердің отставкасын талап етті


Хатия Деканоидзенің Украина ұлттық полициясын басқарған кездегі суреті. Киев, 13 мамыр 2016 жыл
Хатия Деканоидзенің Украина ұлттық полициясын басқарған кездегі суреті. Киев, 13 мамыр 2016 жыл

Грузияда экс-президент Михаил Саакашвилидің "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясы премьер-министр Георгий Квирикашвилиді "ұлт мүддесіне опасыздық танытты" деп айыптап, отставкаға кетуін талап етті. Мұндай талапқа премьердің Мәскеумен тікелей келіссөз бастауды ұсынып Ресей билігіне үндеу жасауы түрткі болған.

Сенбі күні "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясы жетекшілерінің бірі, Украина ұлттық полициясының бұрынғы басшысы Хатия Деканоидзе Грузия үкіметін басшысымен қоса түгелдей отставкаға жіберу қажет деп мәлімдеген. Ол Мәскеу және Абхазия мен Оңтүстік Оссетия басшылығымен тікелей диалог өткізуге әзір екенін айтып Ресей билігіне үндеу жасаған грузин премьерінің ісін "масқара" деп атаған.

"Цхинвалиде өлтірілген азаматымыз Арчил Татунашвилидің сүйегін ата-анасына бермей отырған кезде бізге дұшпан Ресеймен "мәймөңкелесіп" отырғандықтан премьер-министр кетуі керек", – деп мәлімдеген Деканоидзе.

Оның партиялас әріптесі, Грузияның бұрынғы мәдениет министрі Ника Руруа премьердің қылығын "қорқақтық" деп атаған. Грузин жастары қоғамдық ұйымдары үкімет басшысының үйі алдында наразылық акциясын өткізген. Олар да Георгий Квирикашвилиді "капитулянттық" көңіл-күй танытты деп айыптап, отставкаға кетуін талап еткен.

Биліктегі "Грузия арманы" партиясы үкімет жетекшісіне толық қолдау білдіріп, ол "дер кезінде әрі дана" үндеу жасады деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG