Accessibility links

Британ полициясы "Скрипаль ісі" бойынша 200-ден аса куәгерді анықтаған


Бұрынғы ГРУ офицері Сергей Скрипальдің әйелі Людмила Скрипальдің зиратында тексеру шараларын өткізіп жатқан полиция қызметкерлері. Солсбери, 10 наурыз 2018 жыл
Бұрынғы ГРУ офицері Сергей Скрипальдің әйелі Людмила Скрипальдің зиратында тексеру шараларын өткізіп жатқан полиция қызметкерлері. Солсбери, 10 наурыз 2018 жыл

Ұлыбритания полициясы Ресей Бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы полковнигі Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияның улануына байланысты іс бойынша 200-ден аса куәгерді анықтаған. Бұл туралы Ұлыбритания ішкі істер министрі Эмбер Раддтың мәлімдемесіне сілтеме жасап Reuters хабарлады.

Агенттік мәліметінше, улану оқиғасының жай-жапсары мен себебін, сонымен бірге оған қатысы бар кісілерді анықтаумен полицияның террорға қарсы арнайы бөлімшесінің 250-ден аса қызметкері айналысып жатыр. Осы іске қатысы бар 240 заттай айғақ тапқан.

Британдық полицияның террорға қарсы арнайы бөлімшесі өкілдері әкелі-балалы Скрипальдар наурыздың 4-і күні түскі ас ішкен Солсберидегі Zizzi пиццериясынан жүйкені жансыздандыратын заттың іздерін тапқаны туралы сенбі күні ВВС хабарлады.

Бұған дейін ағылшын сарапшылары "Сергей Скрипаль мен қызы жүйкені жансыздандыратын заттан уланған" деген ұйғарым жасаған. Ішкі істер министрі Эмбер Радд "қастандық жасағандар өте сирек кездесетін улы зат қолданған" деп мәлімдеген.

66 жастағы Сергей Скрипаль мен 33 жастағы қызы Юлия наурыздың 4-і күні Солсберидегі сауда орталығы маңындағы орындықта ес-түссіз күйде жатқан жерінен табылған. Ауруханаға жеткізілген екеуі содан бері ауыр халде жатыр дейді дәрігерлер. Әкелі-балалы Скрипальдар табылған жерде болған және соңынан олардың үйін көруге барған полиция сержанты Ник Бейли көп ұзамай денсаулығы нашарлап, ауруханаға түскен. Кейін "сырқаттың беті бері қарады" деген ақпарат тарады.

XS
SM
MD
LG