Accessibility links

Шығыс Қазақстан облысында ондаған үй ауласын су алған


Төтенше жағдай қызметкерлері ауласын су басқан үйдің алдында жүр. (ШҚО ТЖД ұсынған сурет)
Төтенше жағдай қызметкерлері ауласын су басқан үйдің алдында жүр. (ШҚО ТЖД ұсынған сурет)

Шығыс Қазақстан облысында жауған мол жаңбардан кейін кемінде алты жеке тұрғын үй мен 25 ауланы су алды деп хабарлады бүгін облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің (ТЖД) баспасөз қызметі. Облыс орталығы Өскеменде төрт үй мен 14 аула, Аягөз ауданында - екі үй және алты участок, ал Ұлан ауданында - бес үйдің ауласы суда қалған.

"Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ" делінген жексенбі күні облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратта.

Төтенше жағдайлар қызметіне өткен тәулік ішінде жәрдем сұрағандардан жүздеген өтініш түскен. ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде жедел штаб құрылып, үйлер мен аулаларды судан тазарту, қиыршық тас аралас құм себу, құм салынған қаптар төсеу жұмыстары атқарылып жатыр.

Апта соңында жауын-шашын молайып, тұман басып тұрған Шығыс Қазақстан облысының кей жолдарында "көктайғақ мұз бен көшкін түсу қаупіне" байланысты көлік қозғалысына шектеу енгізілген. Ауа райын болжау мамандарының сөзінше, өткен түні түскен жауын-шашын мөлшері он күндік нормадан асып кеткен.

Ұлан ауданында мол жаңбыр салдарынан Өскемен-Алматы автокөлік жолының екі участогын су алған. Жергілікті жол жөндеу кәсіпорны су асып ағып жатқан жол төсемін нығайту жұмыстарына кіріскен деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.

XS
SM
MD
LG