Accessibility links

Ауғанстанда "Талибан" тобымен шайқаста ондаған адам өлген


Ауғанстан ұлттық қауіпсіздік күштері «Талибан» тобына қарсы зеңбіректен соққы беріп жатыр. Фарах уәлаяты, 28 қаңтар 2018 жыл
Ауғанстан ұлттық қауіпсіздік күштері «Талибан» тобына қарсы зеңбіректен соққы беріп жатыр. Фарах уәлаяты, 28 қаңтар 2018 жыл

Ауғанстанның батысындағы Фарах уәлаятында үкімет күштері мен "Талибан" содырлары арасындағы шайқаста ондаған адам қаза тапқан. Бұл туралы аймақ кеңесінің басшысы Фарид Бахтавар мәлімдеген.

Оның сөзінше, сенбі күні таңсәріде Бала-булук ауданында басталған қарулы қақтығыс барысында ауғанстандық арнайы мақсаттағы тобының сегіз сарбазы мен он полиция қызметкері мерт болған. "Талибан" жағынан 40-қа жуық адам өлген деп хабарлады ол.

Шенеунік үкімет күштеріне көмекке авиация шақыруға тура келгенін айтады.

Алайда Ауғанстан қорғаныс министрлігінің өкілі Давлат Вазири "арнайы мақсаттағы топтан төрт адам қаза тапқан, жараланғандар саны әзірше белгісіз" деп хабарлады.

"Талибан" қозғалысының өкілі Забигулла Моджагед Фарах уәлаятындағы шабуылға жауапкершілікті мойындарына алатыны туралы мәлімдеді.

Ауғанстанның орталығынан қашықта, Иранмен шекарада орналасқан Фарах уәлаятында соңғы кездері шабуылдар жиілеген. Мысалы, ақпанның 24-і күні Бала-булук ауданында үкімет әскерінің тосқауыл бекетіне "Талибан" қарулы тобы жасаған шабуыл салдарынан кемінде 18 ауған әскериі қаза болған. Оған дейін, ақпанның 20-ында "Талибан" содырлары Фарах уәлаятындағы ауған полициясының бақылау бекетіне шабуылдап, сегіз полицей мерт болған. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, сол шайқаста 13 содырдың көзі жойылған.

XS
SM
MD
LG