Accessibility links

Қарағандыда "Таблиғи жамағат" мүшелерінің" соты басталды


Қарағандының Октябрь аудандық соты. 12 наурыз 2018 жыл.

Қарағандыда Қазақстанда тыйым салынған "Таблиғи жамағат" діни ұйымына қатысы бар делінген үш адамның қылмыстық ісі бойынша сот процесі басталды. Бұл іс бойынша Қарағанды облысының тұрғындары - 39 жастағы Л. Қазыбек, 37 жастағы К. Марат және 36 жастағы Н. Тасқали сотқа тартылған. Тергеу болжамынша, олардың бірі діни ұйым бөлімінің "жетекшісі" саналады.

Үш адамға да Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1-бөлімі ("Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу") бойынша айып тағылған.

Істі Қарағандының Октябрь аудандық соты қарап жатыр. Бүгінгі сотта прокурор айыптау актісін оқыды. Судья сотталушылардан "Тағылған айыпты мойындайсыздар ма?" деп сұрады. Сотталушылар оған сенімсіз жауап берді.

39 жастағы Л.Казыбек айыпты мойындайтынын, қалған екеуі жартылай мойындайтынын айтты. Сотта сұралған куәгерлер сотталушылардың "жаманшылық істемегенін", "тек жұма намазынан соң пәтерде жиналып, шай ішіп, Алла туралы әңгімелескенін" айтты.

Тергеушілер мен айыптаушылар Қазыбек, Марат және Тасқали танысқан кезде "Таблиғи жамағат" ұйымына тыйым салынбағанын және олардың ұйым қызметіне қатысқанын айтады. Кейін олар "Таблиғи жамағатқа" Қазақстанда тыйым салынғанын "біле тұра осы ұйым үшелігінен шықпаған және идеологиясынан бас тартпаған", Қарағанды облысында "бедел жинап, жақтас тартқан". Бұған қоса олар осы ұйымның идеологиясы туралы "дәрістер тыңдап", Қырғызстанға барған, біреуі Бвангладешке барып-қайтқан.

Сотталушылардың үшеуі де отбасылы, екі-үштен баласы бар. Сотқа қатысып отырған туыстары тағылған айыптармен келіспейді. Олар егер туыстарына түрмеге жабу жазасы кесілсе, отбасылары асыраушысынан айырылады деп қауіптенеді.

Қазақстанда "Таблиғи жамағат" ұйымы 2013 жылы экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Биліктің ұйғарымынша, "Таблиғи жамағат" Орталық Азияда ислам халифатын құруды көздейді.

Қазақстанда 2013 жылдан бері бұл ұйымның қызметіне араласты деген айыппен ондаған адам сотталды.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG