Accessibility links

Демократтар Трампты Ресейге санкция салуға шақырды


Дональд Трамп, АҚШ президенті.
Дональд Трамп, АҚШ президенті.

АҚШ Конгресін өкілдер палатасындағы демократтардың үштен екісі президент Дональд Трампты өзінің былтыр жазда қол қойған заңын орындап, Ресейге АҚШ-тағы президент сайлауына киліккені үшін санкция салуға шақырды. The Hill басылымының хабарлауынша, конгресмендер президент мұны орындамаса Ресейге қатысты жаңа, бұрынғыдан да қатаң санкциялар салатынын ескертті.

Өкілдер палатасындағы 140 демократ қол қойған хатта Трампқа әуелде 29 қаңтарға дейін санкция салуға уақыт берілгенін еске салады.

Ақпанның соңында АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучин АҚШ билігі Ресейге қарсы бір ай шегінде санкция салатынын хабарлаған. Бұған дейін АҚШ Қаржы министрлігі Ресей президенті Владимир Путинге жақын, санкция салынуы мүмкін деген ресейліктердің "Кремль есебін" жариялаған. Тізімге 210 адам енгізілген. Олардың қатарында Ресей үкіметі мүшелері, Путин әкімшілігінің қызметкерлері, мемлекеттік корпорациялардың жетекшілері, құқық қорғау органдарының басшылары мен олигархтар бар.

Оқи отырыңыз: "Кремль тізіміне" іліккен олигархтардың жаңа тартысы

АҚШ-та Ресейдің елдегі 2016 жылы болған президент сайлауына ықтимал килігуін тексеріп жатыр. Мәскеу өзге мемлекеттердегі сайлауға киліккенін жоққа шығарады. Трамп өз сайлауалды штабы Ресеймен астыртын сөз байласты деген айыпты терістейді.

XS
SM
MD
LG