Accessibility links

Собчак: "Қырым бәлекет пен проблемаға себеп болып тұр"


Ксения Собчак, Ресей президенттігіне кандидат, тележүргізуші.
Ксения Собчак, Ресей президенттігіне кандидат, тележүргізуші.

Ресей президенттігіне кандидат, тележүргізуші Ксения Собчак "Бірінші арна" телеарнасына берген сұхбатында Ресей Украинадан аннексиялап алған Қырым түбегін "келесі ұрпақ шешуге мәжбүр болатын бәле мен проблеманың қайнар көзі" деп атады.

"Қырым мәселесін әлі менің балаларым шешуге мәжбүр болады. Осының кесірінен бүгін санкция салынып, бәлеге тап болдық, бар әлеммен проблема туындап отыр. Бұл – үлкен проблема" деді Собчак.

Ол сонымен қатар Қырымға гуманитарлық миссиямен барып қайту ниеті барын да айтты. Собчак өзінің Қырымға "сайлауалды үгіт-насихат жүргізу үшін баратыны" туралы ақпаратты жалған деп атады.

6 наурызда Ксения Собчак Украина елшілігінен өзіне Қырымға баруға рұқсат беруді сұраған. Ол түбекке "ондағы жағдайға көңілдері толмайтын Қырым татарларымен сөйлесу үшін" баратынын айтады.

Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин Собчактің "оккупацияланған аймақтағы заңсыз сайлауға легитимді емес үгіт-насихат жүргізу үшін заңды түрде бару" туралы өтінішін "саяси шизофрения" деп атаған.

7 наурызда Собчак 2014 жылы Ресей аннексиялап алған Қырымға "заңсыз түрде барып, Украинаның мемлекеттік шекарасын саналы түрде кесіп өткені үшін" украиндік "Миротворец" сайтының базасына енгізілген.

Былтыр қазанда Собчак баспасөз конференциясында халықаралық құқық бойынша Қырым Украина территориясы деп саналатынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG