Accessibility links

Қуандық Бишімбаев 10 жылға сотталды


Қуандық Бишімбаев сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 14 наурыз 2018 жыл (Әйнек камера сыртынан түсірілген фото)
Қуандық Бишімбаев сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 14 наурыз 2018 жыл (Әйнек камера сыртынан түсірілген фото)

Астана соты бұрынғы ұлттық экономика министрі, сыбайлас жемқорлық айыбы тағылған Қуандық Бишімбаевті 10 жылға соттады.

14 наурызда үкім шығарған судья Әділхан Шайхисламов 37 жастағы Бишімбаевті Қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлімі ("Қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық ету, сол сияқты қылмыстық топты құру не оған басшылық ету"), 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы ("Топ болып немесе астыртын сөз байласып, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салуды ұйымдастыру") бойынша айыпты деп таныды. Сот сонымен қатар Бишімбаевті мемлекеттік органдарда және коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметті атқару құқығынан өмірбақиға айырып, қылмыстық жолмен алынған мүлкін тәркілеуге үкім кесті. Сот бұған қоса президенттің атына экс-министрді мемлекеттік "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс жасауға ұйғарды.

Сот үкімі бойынша, Бишімбаев жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Жаза мерзімі ол қамауға алынған 2017 жылдың 10 қаңтарынан есептелмек.

Бұған дейін айыптаушы прокурор Сәуле Сыдықова соттан Бишімбаевті 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұраған.

8 қаңтарда сот процесінде сөз алған Қуандық Бишімбаев "ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен барша қазақстандықтардың сенімін ақтай алмағаны" үшін өзін кінәлі сезінетіні туралы мәлімдеген.

Қуандық Бишімбаев 2016 жылы ұлттық экономика министрі қызметін сегіз ай атқарған. Ол 2017 жылдың 10 қаңтарында "топ болып алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алған" деген күдікпен ұсталған. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы экс-министр Қуандық Бишімбаевқа жалпы сомасы 346 миллион теңге пара алған және 1,2 миллиард теңге көлемінде қаржы жымқырған деген айыптар тағылғаны туралы хабарлаған. Тергеу барысында Бишімбаевтың қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылған.

"Бишімбаев ісі" бойынша сот үкімі

XS
SM
MD
LG