Accessibility links

Сот ОҚО ішкі саясат басқармасының экс-басшысын қамаудан босатты


Сот материалдары (Көрнекі сурет).

14 наурыз күні Шымкенттің Абай аудандық соты "пара алды" деп айыпталған Оңтүстік Қазақстан облыстық (ОҚО) ішкі саясат басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Төлегенге үкім шығарды. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, судья Сайдыбаттал Тоқбергенов Болатбек Төлегенге 40 миллион 547840 теңге айыппұл салып, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарды басқару құқығынан өмірбақиға айыру туралы үкім кесті. Үкімді сотталушы мен оның адвокаты, прокурор мен куәгерлер және жәбірленуші Ибраһим Есжанов тыңдады.

Аудандық сот төрағасы Сайдыбаттал Тоқбергеновтің айтуынша, Болатбек Төлеген алды делінген 2 миллион 100 мың теңге пара сомасының 1 миллион 500 мың теңгесі дәлелденбегендіктен, прокурор пара мөлшерін 600 мың теңгеге азайтқан. "Болатбек Төлегенді Қылмыстық кодекстің 336-бабы 3-бөлігінің 1-тармағымен айыпты деп танып, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарды басқару құқығынан түпкілікті айыру, 40 миллион 547 мың 840 теңге айыппұл салу және сот залынан босатуға үкім шығарылды" деді судья.

Болатбек Төлеген сот үкімімен келісетіні, я келіспейтіні туралы айтпады.

Прокурор Ерлан Тоқсанбаев 2016 жылы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалған Болатбек Төлеген жеке кәсіпкер Ибраһим Есжановтан "пара талап еткенін" айтқан. Оның сөзінше, индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының кәсіпкерлік саласындағы материалдарды сайтта жариялау қызметі бойынша және облыстың саяси-әлеуметтік даму мәселелерін жария ету, республикалық жетістіктер туралы сайтта жағымды материалдар жариялауға екі тендер жарияланып, конкурс өткізілген. Онда жеке кәсіпкер Ибраһим Есжанов 7 миллион 560 мың теңге ұтқан. Басқарма басшысы "жеке табыс табу мақсатында кәсіпкерден бұл соманың 2 миллион 100 мың теңгесін беруді талап еткен".

Бұған дейінгі сотта Болатбек Төлеген тағылған айыпты толығымен мойындамайтынын айтқан.

"Пара алған" деген күдікпен ұсталған Болатбек Төлеген 6 қазанда Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының уақытша оқшаулау изоляторына қамалған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG