Accessibility links

Ұлыбритания Ресей дипломаттарын елден шығармақ


Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй. Лондон. 2 наурыз 2018 жыл.
Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй. Лондон. 2 наурыз 2018 жыл.

Ресейдің бұрынғы сыртқы барлау қызметінің офицері Сергей Скрипальды улау оқиғасына жауап ретінде Ұлыбритания ресейлік 23 дипломатты кері қайтармақ. Бұл туралы Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй мәлімдеді.

Ол Ресейді осы қылмысты ұйымдастырды деп айыптады. Мэйдің сөзінше, Ұлыбританиялан ресейлік арнайы қызметпен жұмыс істесті деген күдікке ілінгендер ғана шығарылады.

Мэй британиялық шенеуніктер Ресейде өтетін футболдан әлем чемпионатына бармайтынын, Лондон Мәскеумен қатынасты жоғары деңгейде шектетейтінін айтты. ​

"Осындай сорақы оқиғадан кейін біз қарым-қатынасты бұрынғы қалыпта қалдыра алмаймыз. Сондықтан біз екіжақты қатынасты жоғары деңгейде тоқтататамыз. Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты Ұлыбританияға шақыртуды да қайтып аламыз. Оларға Ұлыбританиядан кетуге бір апта уақыт беріледі" деді Мэй.

Мэй соңғы 30 жыл ішінде Лондоннан осыншама дипломат шығарылмағанын, егер Ұлыбритания азаматтарының өмірі мен мүлкіне қарсы істер дәлелденсе Ресейдің мемлекеттік активтерін бұғаттайтындарын айтты.

Ұлыбританиядағы Ресей елшісі Александр Яковенко Лондон қабылдаған шараларға байланысты Мәскеу жауап беретінін айтты.

Бұған дейін Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ұлыбританияның ісін "саяси қойылым" деп, Лондонды химиялық қаруға тыйым туралы Конвенция шеңберінде әрекет ету керектігін айтқан.

Наурыздың 4-і күні Солсберидегі сауда орталығында қызы Юлия мен екеуі ес-түссіз күйде табылып, ауруханаға жеткізілген Сергей Скрипальді 2006 жылы Ресей соты "Ұлыбритания тыңшысы" деп айыптап, 13 жылға түрмеге қамауға үкім еткен. 2010 жылы Мәскеу АҚШ-та ұсталған ресейлік он агентті Ресейде Батыс мүддесіне тыңшылық еткен деген айыппен сотталған төрт адамға алмастырған кезде солардың арасында Скрипаль да болған. Ол содан бері Ұлыбританияда тұрып жатқан.


XS
SM
MD
LG