Accessibility links

Шымкентте белсенді Ардақ Әшімді полиция алып кетті


Ардақ Әшім, шымкенттік белсенді.
Ардақ Әшім, шымкенттік белсенді.

15 наурыз күні таңғы сағат 09:30 шамасында үйін тінтуге келген полицейлер белсенді Ардақ Әшімді Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне алып кетті деп хабарлайды белсендінің күйеуі Әбен Әшімов.

“Ардақты облыстық ішкі істер департаментіне алып кетті. Қазір адвокатпен сөйлесіп отырмыз" деді ол Азаттық тілшісіне.

Ардақ Әшімнің қызы Айнұр Әшім Азаттыққа полицейлер үйді тінтуге 15 наурыз күні сағат 9-30 шамасында келгенін, тінтуді полиция формасындағы және азаматтық киімдегі оннан астам адам жүргізіп жатқанын айтқан.

Абай аудандық сотының судьясы Еркен Отарбаев Азаттық тілшісіне Ардақ Әшімнің үйін тінтуге санкция берілгенін растады. Отарбаевтың айтуынша, 2018 жылдың 14 наурызы күні судья Сержан Айнабеков Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің тергеушісі Сыдықовтың сұрауы бойынша Ардақ Әшімнің үйін тінтуге санкция берген. Судьяның айтуынша, сот тергеуі кезінде Ардақ Әшімнің Facebook-тегі Ардақ Әшімнің атынан тіркелген парақшада "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жарияланғаны анықталған". Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша іс қозғалған.

Тінту кезінде белсендінің үйін қарулы полиция қызметкерлері күзетіп тұрған.

Ардақ Әшім қазір шымкенттік тағы бір белсенді Сүйін Абулданың "жала жапты" деген шағымы бойынша сотталып жатыр. Сүйін Абулда Ардақ Әшімді Facebook-те өзін "Марал Құрылтай" және "Қазақ қаны қазақ" атты аккаунттар ашып, тапсырыспен жұмыс істейтіні" туралы жазғаны үшін сотқа берген. Сүйін Абулда бұл акаунттарды ашпағанын айтып, Ардақ Әшімді "қадыр-қасиетім мен ар-намысыма тіл тигізді" деп айыптайды. Сот Сүйін Абулданың бір миллион теңге моральдық шығын өндіру туралы арызын өндіріске қабылдап, Қылмыстық кодекстің 130-бабы ("жала жабу") және 131-бабы ("қорлау") бойынша қарауға алған.

XS
SM
MD
LG