Тәжікстан Ұлттық банкі "терроризмге қатысы бар тұлғалардың" тізімін жасады. Бұл тізімге 1 мың 372 Тәжікстан азаматы енгізілген.
Тәжікстан Ұлттық банкінің ресми сайтында терроризмге қатысы бар төрт түрлі тізім жарияланған. Олардың екеуі - БҰҰ резолюциясының "Талибан" мен "Әл-Қаида" ұйымдарына қатысты бөлігіне сай келетіндер тізімі мен терроризмге қатысы бар тұлғалардың халықаралық тізімі және екеуі - ұлттық тізім.
Ұлттық банктің қаржылық мониторинг департаменті терроризмді қаржыландыру және көлеңкелі ақшаны заңдастыруға қарсы халықаралық талаптарды енгізетін ұйым - FATF-пен (Financial Action Task Force) тығыз байланыста.
Тәжікстан тарабы дайындаған "қара тізімге" осы елде тыйым салынған "Ислам қайта өрлеу партиясының" төрағасы Мухиддин Кабири мен оның отбасы және туыстары енген.
Мухиддин Кабири соңғы уақытқа дейін Интерпол желісі бойынша іздеуде болған еді. Екі апта бұрын Интерпол Кабириді тізімнен шығарғанын мәлімдеген.
Терроризмге қатысы бар деген тізімде Дододжон Атовуллоев пен "24 тобы" мүшелері де бар. Дододжон Атовуллоев Тәжікстан билігінің әрекеттерін үнемі сынға алатын оппозициялық тұлға. "24 тобы" шетелде әрекет етеді және өздерін Тәжікстан билігіне оппозиция санайды.