Accessibility links

Астана: Өзге ел азаматтарының визасыз келуіне рұқсат беруге хақымыз бар


Әнуар Жайнақов, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы.
Әнуар Жайнақов, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың "Қазақстанның АҚШ азаматтарына елге визасыз келуіне рұқсат беруі мәселесін талқылау керек" деген мәлімдемесіне жауап қайырды.

Қазақстандық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, СІМ ресми өкілі Әнуар Жайнақов Қазақстанның өзге ел азаматтарына визасыз режим орнатуға "ерікті екенін" айтқан.

"Еуразия экономикалық одағы саяси бірлестік емес. Одақ туралы келісімді жасауда мүше елдер оны саясиландырудан және одақ құзырына ұлттық егемендікке қатысты мәселелерді қосудан бас тартқан" деді Жайнақов.

Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, Сергей Лавров бұған дейін "Ресей - мүмкіндіктер елі" деп аталатын форумда Қазақстанның АҚШ азаматтарына визасыз елге келуіне рұқсат беру жайын "Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) аясында келісу қажетін" мәлімдеген. Лавровтың сөзінше, ЕАЭО-да визасыз жүріп-тұру ережесі бар.

Лавров форумда өзіне бұл туралы қойылған сұраққа қатысты жауабында Қазақстанның АҚШ азаматтарына визасыз режим орнатқанын "бұған дейін білмегенін" айтқан. Ол 16 наурызда Астанаға барған кезінде бұл мәселе жайлы қазақстандық әріптесімен сөйлесетінін де жеткізген.

XS
SM
MD
LG