Accessibility links

Лондон полициясы Николай Глушковтың қазасын тергеуге кірісті


Николай Глушковтың мәйіті табылған үйдің алдында тұрған полиция қызметкерлері. Лондон, 13 наурыз 2018 жыл
Николай Глушковтың мәйіті табылған үйдің алдында тұрған полиция қызметкерлері. Лондон, 13 наурыз 2018 жыл

Лондон полициясы 68 жастағы ресейлік кәсіпкер Николай Глушковтың қазасына байланысты қылмыстық іс қозғады. 2013 жылы Ұлыбританияда жұмбақ жағдайда көз жұмған бұрынғы ресейлік олигарх Борис Березовскийдің жақын серігі болған Глушковтың мүрдесі наурыздың 12-сі түнде Лондонның Кингстон ауданындағы үйден табылған.

Мәйітке жасалған сараптама қорытындысында кәсіпкерді буындырып өлтіргені айтылған. Полиция марқұмның туыстарына қазаға қатысты іс қозғалғанын жеткізіп, оларға моральдық қолдау көрсетіп жатқаны туралы хабарлаған.

Әуелгіде Глушковтың қазасы "түсініксіз" қалып отыр делінген. Наурыздың 15-і күні арнайы сараптама басталып, келесі күні паталогоанатом мамандардың қорытындысы шыққан. Онда кәсіпкерді "мойнынан буындырып" өлтірген деген тұжырым жасалған.

Полиция Глушковтың өлімі мен Солсбериде наурыздың 4-і күні болған бұрынғы ресейлік барлау қызметінің офицері Сергей Скрипаль мен қызын уландыру оқиғасы арасында қандай да бір байланыс бар деп күдіктенуге әзірше негіз жоғын айтады. Скрипаль мен қызы содан бері ауруханада ес-түссіз жатыр.

Глушковты өлтіру қылмысына байланысты полиция басқа адамдарға төнетін қауіп жоқ деп мәлімдеген. Бұған дейін Солсберидегі белгісіз химиялық заттан улану оқиғасын тергеу кезінде билік жергілікті тұрғындарды ықтимал қауіп-қатер туралы ескерткен еді.

Тергеушілер Скрипаль мен қызын Ресейде шығарылған "Новичок" деп аталатын жүйкені жансыздандыратын затпен улаған деген болжам айтады. Жұма күні Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон Біріккен королдік аумағында жүйкені жансыздандыратын зат қолдану туралы бұйрықты Ресей президенті Владимир Путин берген болуы мүмкін деп мәлімдеді. Мәскеу оны жоққа шығарып, британ премьерінің сөзін "дипломатиялық әдепті өрескел бұзу" деп атады.

Наурыздың 16-сы күні Ресей тергеу комитеті Ұлыбританияның Солсбери қаласында Сергей Скрипальдың қызы Юлияның улануына және Лондонда Николай Глушковтың өлтірілуіне байланысты қылмыстық іс қозғағаны туралы хабарланды.

XS
SM
MD
LG