Accessibility links

Мәскеуде 9 оппозициялық белсенді екі айға қамалған


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Мәскеу соты жұма күні кешке оппозициялық "Новое величие" қозғалысының тоғыз белсендісін екі айға қамау туралы шешім шығарған. Оларға "экстремистік қауымдастық құрмақ болған" деген айып тағылған деп хабарлайды ұсталғандардың адвокатына сілтеме жасаған "ОВД-Инфо" сайты.

Ұсталғандардың арасында олардың жетекшісі деген күдікке ілінген Руслан Костыленков және кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім қыз бар. Белсенділердің үйіне жүргізілген тінтуге Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) өкілдері де қатысқаны хабарланды. Әлеуметтік желілерде жарияланған "Костыленковтан жауап алу" видеосында белсенді бұған дейін белгісіз болып келген қозғалыс "митингі ұйымдастыруды" және "құқық органдары қызметкерлеріне тікелей қарсылық көрсету акцияларын" өткізуді жоспарлағаны туралы айтады.

Ресейде наурыздың 18-іне белгіленген президент сайлауы қарсаңында бірнеше қалада оппозициялық ұстанымдағы белсенділер, негізінен анархистер қамауға алынған. Пенза қаласында наурыздың 15-і күні сот бес антифа-белсендіні тұтқында ұстау мерзімін ұзартқан. Тұтқындалғандардың кейбірі өздеріне ФСБ қызметкерлері "қажетті куәлік айтқызуға" көндіру үшін қысым жасады деп шағымданған.

XS
SM
MD
LG