Accessibility links

Ресейдің кей ауылдарында барлық сайлаушы дауыс беріп үлгерген


Саратов қаласындағы сайлау учаскесіндегі дауыс беруге арналған жәшіктер. Ресей, 18 наурыз 2018 жыл

Ресей Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, наурыздың 18-і күні Қиыр Шығыста жергілікті уақыт бойынша күндізгі сағат 12-де президент сайлауына тізімдегі сайлаушылардың 28 пайызы дауыс берген. Жекелеген аймақтарда көрсеткіш бұдан да жоғары.

Камчаткада сайлау басталғаннан кейін төрт сағаттың ішінде сайлаушылардың 30 пайыздан астамы дауыс берсе, Чукоткада – 47 пайыздан асқан. Ал Камчатка мен Чукоткадағы он ауылда сайлаушылардың 100 пайызы дауыс беріп үлгерген деп хабарлайды "Интерфакс". Ақпарат агенттіктері сайлаушыларды дауыс беруге ынталандыратын шаралар жайлы хабарлаған. Сахалинде азық-түлікті дүкендегі бағасынан 15-20 пайыз арзанға сатқаны, Магадан облысында сайлаушыларға қан қысымын өлшеу және қан құрамындағы қант мөлшерін анықтау қызметі көрсетіліп жатқаны туралы ақпарат тарады.

Сайлаушылар құқығын қорғайтын "Голос" қозғалысы сайтында бүгінгі дауыс беру барысын бақылаушылардан сайлау заңының бұзылғаны туралы түскен мыңнан астам хабарлама жарияланған. Мәселен, Камчатка мен Чукоткадағы кей сайлау учаскелерінде бейнекамералар сайлау жәшігінен тым алыс қойылған немесе сайлаушының жәшікке бюллетень тастағаны көрінбейтіндей етіп орналастырылған. Сонымен бірге жекелеген аймақтарда дауыс беруге келгендер саны "әдеттен тыс көп" екені айтылады.

Биробиджанда әскери зымыран бөлімшесінің командирі "жалақыдан қағыласыңдар" деп қорқытып, әскери қызметкерлерді дауыс бергенін дәлелдеу үшін сайлау учаскелерінде фотосуретке түсуге мәжбүрлеген дейді бақылауышлар. Олар кей сайлау учаскелерінде сайлаушылар тізімі жазылған кітаптар заң талабына сай тігілмегенін айтады.

Южно-Сахалинскідегі №295 сайлау учаскесі ашылған кезде сайлау жәшігіне алдын ала бюллетеньдер салынып қойғаны анықталғаны туралы Twitter әлеуметтік желісі арқылы жергілікті бақылаушылар хабарлады. Орталық сайлау комиссиясы өкілдері аталған учаскеде "сайлау комиссиясы мүшелері, бақылаушылар мен полиция қызметкерлері дауыс берген" деп мәлімдеді.

Ресейде президент сайлауы жетінші рет өтіп жатыр. Конституцияға сәйкес 35 жасқа толған, ел аумағында кемінде 10 жыл тұрақты тұрған Ресей азаматы алты жыл мерзімге Ресей президенті болып сайлана алады. Заң бойынша, дауыс беруге қатысқан адам санына қарамастан сайлау өткізілген болып саналады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG