Accessibility links

Украинадағы ресейліктер сайлауға дауыс бере алмады


Киевтегі Ресей елшілігі ғимараты
Киевтегі Ресей елшілігі ғимараты

Украина билігі елдегі ресейлік дипломатиялық миссияларға кіруге шектеу қойылатындықтан, Украинада тұратын ресейліктер жексенбі күні өтетін Ресей президенті сайлауына дауыс бере алмайтыны туралы мәлімдеді.

"Украина ішкі істер министрлігі 2018 жылғы наурыздың 18-і күні Украина жерінде Киев, Харьков, Одесса мен Львов қалаларындағы Ресей Федерациясы дипломатиялық миссияларының күзет тәртібінде бұл нысандарға Ресей азаматтарының сайлауға дауыс беруге кіруі қарастырылмағанын хабарлайды", - деп жазған Украина сыртқы істер министрі Арсен Аваков Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына.

Ресейдің аннексиялап алған Қырым түбегінде сайлау ұйымдастыру туралы шешіміне Украина осылайша жауап қатты. Аваковтың хабарлауынша, Киев "уақытша оккупацияланған территориясы" санайтын Қырымда сайлау өткізбеу туралы Мәскеуге талап қойып, егер оны елеусіз қалдыратын болса, онда Украина өз жеріндегі Ресей дипломатиялық миссиялары мен консулдық мекемелерінде дауыс беруді ұйымдастыруға жол бермейтіні туралы ескерткен.

Алайда Мәскеу өз жоспарынан бас тартпай, Қырымда сайлау учаскелерін ашып, оларда бүгін президент сайлауына дауыс беріп жатыр.

"Украина ішкі істер министрлігі егемен Украина территориясында халықаралық құқықтың барлық нормаларын белден басып заңсыз сайлау өткізуге болмайтыны туралы мәлімдейді", - деп жазған Арсен Аваков Facebook желісіндегі парағына.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы Украинаның ел аумағындағы ресейліктердің Ресей президенті сайлауына дауыс беру мүмкіндігін шектейтін шешіміне байланысты түсініктеме бермейді. Бұл туралы осы ұйымның баспасөз хатшысы Томас Раймердің сөзіне сілтеп "Украинская правда" басылымы хабарлаған. Оның айтуынша, өзге елдегі сайлауға дауыс беру мәселесі мемлекеттер арасында жасалған екіжақты келісім бойынша реттеледі.

Бүгін Ресейде президент сайлауы өтіп жатыр. Ресей президенті сайлауына дауыс беруге арналған сайлау учаскелері шет мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстанда да ашылған. Ресей президенті сайлауына қатысып жатқан сегіз кандидаттың арасында осыған дейін бұл қызметке үш рет сайланған Владимир Путин де бар.

Ресми Киев 2014 жылы Ресейдің Қырым түбегін аннексиялап алуына және Украинаның шығысында үкімет күштері мен ресейшіл сепаратистер арасында төртінші жылға жалғасып жатқан жанжалға Путиннің басқаруындағы Ресей билігін айыптайды.

XS
SM
MD
LG